Еңбеккерлердің түйткілді мәселелері сараланды

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Жезқазған қаласының активімен кездесу ұйымдастырды. Қарағанды облысы әкімімен кездесуге «Қазақмыс» корпорациясы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Төлеген Бүкіров, кәсіподақтардың атынан Жезқазған аймағы бойынша «Қызмет» салалық кәсіподағының Жезқазған аймақтық филиалының төрайымы Раушан Кожабаева, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Қазанбаев, Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаттары Бауыржан Шыңғысов, Ерболат Сатыбалдин, Жезқазған қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сағындық Қожамсейітов, мәслихат хатшысы Абдрахман Досанов, Жезқазған қаласының мемлекеттік қызметкерлері, активі, халық қалаулылары қатысты.

Қаңтар айындағы толқулар, экологиялық ахуал, еңбек адамдарының жалақысын көтеру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбек жағдайлары мен қауіпсіздікті жақсарту, ауыл шаруашылығына тиісті өзекті мәселелер, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау мекемелерінің тікелей Қарағанды облысына бағынуы бойынша түйткілді мәселелер талқыланды.

Халықтың әлеуметтік топтарына айрықша көңіл бөлу керектігі басты назарда болды. Әлеуметтік нысандардың құрылысын аяқтау, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Қожамсейіт су орнын ескере отырып, Үйтас-Айдос суағарын реконструкциялау бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқаны, құрылыстың бірінші кезеңі биыл басталатыны атап көрсетілді.

Облыс әкімі жаңа форматта тиімді диалог жүргізіп, әрбір мәселені жіті бақылауға алатынын айтып сендірді.