Қызылордада кәсіподақтар алаңында облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті

Бірқатар кәсіпорындар жұмыскерлерінің жұмыс берушіге жалақыны өсіру туралы талаптары бойынша қалыптасқан мәселелер Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Б.Шәменова төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысында қаралды. Отырысқа комиссия мүшелері, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы М.Нәлібаев, «Қызылорда облыстық энергия консорциумы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Кәрімбаев, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Г.Өтегенова, облыстық басқарма басшылары, компания басшылары, облыстық салалық және жергілікті кәсіподақ төрағалары қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес хабарлама жасаушы облыстық еңбек саласындағы бақылау басқарма басшысы Т.Жолымбетов «СНПС-АйДан Мұнай», «ҚуатАмлонМұнай» компаниялары мен «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалындағы еңбек жағдайы және еңбек дауларының алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Мың жарымға жуық адам жұмыс істейтін «Нұра топтық су құбыры» РМК «Арал» СЖКБД филиалы басшысы жұмыскерлердің жалақы қоры тікелей судың тарифі мен субсидиялау мәселесіне қатысты екендігін мәлімдеп, филиал жұмыскерлердің жалақы мөлшерін көбейту мәселесін шешуге құзыретті емес екендігін жеткізді.

Жұмыс берушілер қауымдастықтары өкілдері тарапынан «Қызылорда облыстық энергия консорциумы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Кәрімбаев осы тектес мәселелердің коммуналдық қызмет көрсететін саланың барлық кәсіпорындарында, оның ішінде жалақылары көрсететін қызметтерінің тарифтеріне тікелей байланысты мекемелерге қатысты екендігіне назар аудартты. Осыған байланысты Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Г.Өтегенова заңнамалар бойынша түсіндірмелер берді.

Комиссия отырысының төрағасы Б.Шәменова аталған мәселені бір аптадан соң салаға қатысты барлық кәсіпорын басшылары мен тиісті мемлекеттік орган басшыларымен бірлескен жиында жан-жақты талқылауды ұсынды.

Келесі кезекте комиссия отырысы барысында мұнайшылардың жалақысы мәселесі қаралды. 336 жұмыскер жұмыс істейтін «СНПС-АйДан Мұнай» акционерлік қоғамында жалақыны көтеру туралы мәселе 2021 жылдың қазан айынан көтеріліп келеді. Жалақыларын 75 пайызға көбейтуді талап еткен жұмыскерлер компания президенті Вэнь Цзяцзюнмен онлайн режимде кездесу нәтижесімен ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап жалақы мөлшерін 10 пайызға көбейтілетіндігі туралы шешіміне қанағаттанбайтындықтарын білдіруде. Комиссия отырысында «СНПС-АйДанМұнай» АҚ президентінің міндетін атқарушы Ли Хунхай компанияның қаржылық жағдайларына тоқталып, жұмыс берушінің шешімі өзгеруіне мүмкіндік жоқ екендігін алға тартты.

«ҚуатАмлонМұнай» ЖШС-нің бас директорының орынбасары Ван Юнг те жұмыскерлердің жалақыны өсірі туралы талаптары бойынша жұмыс беруші тарапынан қызметкерлердің жалақысын лауазымдық жалақысының мөлшеріне қарай 6-32,5 пайыз аралығында арттыру туралы шешімдері нақты шешім екендігін мәлімдеді. 2021 жыл басынан көтерілген мәселе бойынша компания жұмыскерлері мен жұмыс беруші арасындағы енбек дауы қазірде заңнамаларға сәйкес Еңбек Төрелігі деңгейінде де шешімін таппай отыр. Аталған компанияның кәсіподақ ұйымы төрағалары А.Нұрғалиев және А.Әбдреев өз тараптарынан жалақыны көбейту мәселесіне қатысты еңбек ұжымында туындаған дау бойынша өз пікірлерін білдіріп, ауқымды алаңда әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарына жұмыскерлердің талап-тілектерін жеткізді.

Қызылорда облысының индустриялық–инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереев қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен жасалып жатқан жұмыстар барысынан ақпарат беріп, аймақтағы мұнай өндіру компанияларының экспорттық өнімінің үлесін арттыру бағытына басымдылық берілгенін атап өтті. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы М.Нәлібаев қалыптасқан еңбек қатынастары мәселелерінде тараптардың заң аясында шешім қабылдаулары мен жұмыс берушілердің жұмыскерлердің талаптарына сәйкес жалақыны көбейту мүмкіндіктерін қарастыруы маңыздылығын атап өтті. Комиссия отырысының төрағасы Б.Шәменова мұнай компанияларындағы туындаған еңбек дауларына қатысты жұмыс берушілердің оңтайлы шешім қабылдаулары, аймақтағы әлеуметтік-еңбек ахуалының тұрақтылығы мақсатында тиісті шаралар қабылдануы туралы тапсырмалар берді.