Әлеуметтік шиеленісті болдырмау жұмыстарын жетілдіру – заман талабы

Сәтбаев қаласында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Комиссия отырысына Сәтбаев қаласының әкімі, әлеуметтік әріптес Асқар Идрисов төрағалық етті. Әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Сәтбаев қалалық үшжақты комиссия отырысына “Қызмет” Салалық кәсіподағының Жезқазған аймақтық филиалының төрайымы Р.Кожабаева қатысты.

2022 жылдың алғашқы отырысында бүгінгі күні өзекті мәселеге айналған қала кәсіпорындарындағы еңбек ұжымдарындағы ағымдағы жағдай туралы, оның ішінде қаңтар айында өткен бейбіт митингілер кезінде қойылған қызметкерлердің жалақысын арттыру және басқа да талаптар туралы мәселе қаралды.

«Қазақмыс» корпорациясының басшылығы мәлімдегендей, қаңтар айынан бастап кеншілердің талаптары бойынша компания жұмысына өзгерістер енгізілді. Бұл барлық қызметкерлердің жалақысын 30%-ға арттыру, зиянды жағдайда еңбек ететін қызметкерлерді емдеуге арналған соманы отбасы мүшелерін емдеуге пайдалануға рұқсат бере отырып, 400 мың теңгеге дейін ұлғайту. Сонымен қатар, отырыс қорытындысы бойынша корпорацияның ұжымдық шартында санаторий-курорттық емделуге және қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерін емдеуге, сауықтыруға сома бөлуге қатысты тармақтар көрсетілуін пысықтау ұсынылды.

Сәтбаев қаласындағы «TrancoExpress» филиалы бойынша қызметкерлердің барлық талаптары қанағаттандырылды, атап айтқанда: көлік паркі 32 жаңа автобуспен толықтырылды, қосалқы бөлшектер қоры мен жалақы 30%-ға ұлғайды.

БШПБ-Қазақстан бойынша (Башқұрт ШПБ) жалақы 25%-ға (қаңтарда – 10%, ақпанда – 15%) арттырылатын болады. Кәсіпорында ұжымдық шарт жоқ. Басшылыққа осы құжатты жасау рәсімін ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін аяқтау, сондай-ақ, жергілікті кадрлар арасынан ИТЖ мамандарын жұмысқа қабылдау туралы мәселені пысықтау тапсырылды.

СЖСЖК бойынша тарифтік бөлікті қайта қарау және еңбекақы төлеу қорын ұлғайту есебінен жұмысшылардың жалақысы орта есеппен 20-25%-ға өсті. Сонымен қатар, аталған кәсіпорынның басшылығы еңбек жағдайларын жақсарту жұмыстарын жалғастыруы қажет.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас директоры Б.Баймұқанов, Сәтбаев қаласындағы «TrancoExpress» ЖШС филиалының директоры Д.Тәжі, Қазақстан Республикасындағы «Башқұрт шахтопроходкалау басқармасы» КЕАҚ филиалының директоры Е.Коляда, СЖСЖК директоры Е.Тоқымбаевқа еңбек қатынастарын реттеу, жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау мәселелері бойынша еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесулер өткізіп, «КәсіпҚорған» және «Достойный труд» жұмысшылар одағының филиалы – салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары (А.Төлепбергенов, Қ. Мұрзатов) кәсіпорындар басшыларымен өзара іс-қимыл жасау, қала кәсіпорындарының басшылығына қызметкерлердің мүдделері мен талаптарын уақтылы және тұрақты негізде жеткізу ұсынылды.