Дүйсенбі, 7 ақпан күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясында осы күндері 70 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Қазақстан Республикасының қоғам және саяси қайраткері Әбілғазы Құсайыновпен кездесу өтті.
ҚРКФ Атқару комитетінің шешімімен еліміздің кәсіподақтар қозғалысын дамытуға сіңірген еңбегі үшін Әбілғазы Құсайынов ҚРКФ «Қазақстан кәсіподақтар қозғалысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды, марапатты ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин табыстады.
«Ұстазымыз деп атауға толықтай негіз бар Әбілғазы Қалиақпарұлы Қазақстандағы бүкіл кәсіподақтар қозғалысы үшін өтпелі кезеңде Федерация төрағасы болып сайланды. Әбілғазы Құсайыновтың қазақстандық кәсіподақтардың дүниежүзілік кәсіподақтар қозғалысына бірігуіне және Қазақстандағы кәсіподақтардың қызметіне халықаралық стандарттарды енгізуге қосқан үлесін асыра бағалау қиын», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Әбілғазы Құсайыновтың еңбек жолын шахтада жерасты үңгушісі болып бастағанын еске салды.
«90-жылдары маған үлкен өмірге жолдама берген – әріптесім, шахтер Құсайынов. Әбілғазы Қалиақпарұлы тікелей атсалысқан көптеген жобалар менің есімде қалды. Мәселен, «Астана-Бурабай» автобанының құрылысы», – деп бөлісті Мұхтар Тінікеев.
Басқа әріптестер, республикалық салалық кәсіподақ жетекшілері де бірлесе атқарған жұмыстары туралы естеліктерін айтып, мерейтой иесін құттықтады. Қазақстандық энергетиктер салалық кәсіподағының басшысы Оразбек Бекбас Әбілғазы Құсайыновтың «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасы Заңын қабылдауға қатысуы туралы айтты.
Өз кезегінде Құсайыновтың кәсіподақтар қозғалысын дамытуға сіңірген еңбегін атап өткен «Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Сұлтан Қалиев мерейтой иесіне «Мұнайшының алтын медалін» табыс етті.
«Қазақстандық теміржол, автокөлік, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ басшысы Оразғали Ахметбаев Әбілғазы Құсайыновтың кәсіподақтардың келіссөз дипломатиясын дамытудағы рөлін атап өтті.
«Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Светлана Иманқұлова мен «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева, сондай-ақ «YNTYMAQ» Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ төрағасы Қайрақбай Жаңабеков Әбілғазы Құсайыновпен бірлесіп атқарған жұмыстары туралы естеліктерімен бөлісті.
Қоғам қайраткеріне Қостанай облысының кәсіподақтар орталығының бұрынғы төрағасы, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева да өз құттықтауын жеткізді.
Құшақ жая қарсы алған әріптестеріне алғысын білдірген Әбілғазы Құсайынов бүгінгі таңдағы кәсіподақтардың рөлін атап өтті.
«Елімізде қаңтар оқиғасынан кейін болып жатқан өзгерістер мен мемлекеттің одан әрі дамуын кәсіподақтарсыз елестету мүмкін емес. Жаңа Қазақстанда кәсіподақтар алдыңғы қатарда. Кәсіподақтардың келіссөздер үдерісін жүргізу, дауларды шешу бойынша дағдылары баршылық. Жұмыскерлердің заңдарды білуі және өздерінің әлеуметтік-еңбек мүдделерін құқықтық салада қорғай алуы бүгінгі кәсіподақтардың алдына қойған міндеті болып табылады. Кәсіподақтар федерациясының атынан Қазақстан кәсіподақтарының алдағы уақытта да еңбек адамдарының басты қорғаушысы бола беруіне тілектеспін», – деді Әбілғазы Құсайынов.
Кәсіподақтар қозғалысы ардагеріне өткен жылдың қазан айында ашылған Кәсіподақтар федерациясының фронт-офисі көрсетілді, онда кәсіподақ мүшелеріне білікті заң көмегін алу үшін барлық жағдай жасалған, сонымен қатар жастар коворкинг орталығы және заманауи сынып жұмыс істейді.
Еске салайық, Әбілғазы Құсайынов ҚРКФ-ты 2013-2017 жылдар аралығында басқарған. Оның тікелей қатысуымен Қазақстанда «Кәсіптік одақтар туралы» Заң әзірленді және қабылданды, ал Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы халықаралық кәсіподақ құрылымдарына мүшелікке қабылданды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы