Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы жариялаған 2022 жыл “Әлеуметтік әріптестік жылын” қолдау мақсатында ШҚО Зайсан аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен және Зайсан аудандық білім бөлімінің қолдауымен кәсіподақ мүшелері арасында баскетболдан аудандық жарыс ұйымдастырылды. Жарысқа жалпы 11 команда қатысты.
Ұзақ жылдар әйелдер арасында, соның ішінде білім саласы бойынша спорттың баскетбол түрінен жарыс өткізілмегенін ескерсек, кенжелеп қалған спорт түрін педагогтар мен қамту қызметкерлері арасында қайта жаңғыртып, білім саласының қызметкерлерін салауатты өмір салтын ұстануға шақырған, жарысты ұйымдастырған кәсіподақ ұйымы екенін ерекше атап өткен жөн. Жарысқа 150 жуық кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты. Жарыс барысында кәсіподақ ұйымы түскі ас ұйымдастырды.
Спорттық іс-шара Зайсан ауданының М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатының спорт залында салтанатты түрде ашылды. Спорттық шараға Зайсан аудандық білім бөлімінің басшысы М.Мұратқызы, аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Қабиолда Сайранов және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен төрайымдары қатысты.
Үш топқа бөлінген командалар өзара ойын өрнектерін көрсете білді. Әр топтан үздік болып шығу үшін спорт сүйер кәсіподақ мүшелері тартысты ойын өрнегін көрсетті. Үш топтан іріктеліп шыққан мықты командалар жүлделі орындарға таласты.
Финалдық ойынға шыққан М.Дәуленов, М.Ломоносов, Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейінің кәсіподақ мүшелері өте тартысты әрі керемет ойын көрсете білді. Ұжымдарын қолдауға келген мектеп директорлары мен мұғалімдер ұжымдық жарыста үлкен қолдау көрсетіп, жеңіске деген талпыныстарына дем бере білсе, Сарытерек орта мектебінің директоры Р.Турабаева өзі басшылық жасап отырған ұжымнан әйелдер командасын жасақтап, өзі бас болып тамаша ойын көрсетті. Сарытерек орта мектебінің директорының спорттық ойынға өзі атсалысып, салауатты өмір салтын ұстануы өзге жастарға әрі әріптестеріне үлгі болғаны анық.
Жарты тәулікке созылған әйелдер арасындағы баскетбол жарысында ұжымдық ойынның үлгісін көрсетіп, бірінші орынды М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатының кәсіподақ мүшелері жеңіп алса, екінші орында Х.Мұстафина атындағы мектеп-лицейінің командасы, үшінші орынды М.Ломоносов атындағы мектептің командасы жеңіп алды.
Жүлделі орын алған командалар ақшалай және бағалы сыйлықтармен, грамотамен марапатталды. Ерекше ойын өрнегін көрсеткен, жеңіске деген құштарлығын танытқан “Балдәурен” балабақшасының кәсіподақ мүшелері “Жеңіске деген құштарлығы үшін” номинациясымен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жас мұғалімдер мен жас директорларға үлгі болып ойын көрсеткен Сарытерек орта мектебінің директоры Р.Турабаева да бағалы сыйлықпен марапатталды.