Әлбетте, мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатып, жас ұрпақты салауатты өмір салтын қалыптастыруға жетелейтін дене тәрбиесі пәні мұғалімдерінің маңызы зор екендігі анық. Бұл ретте, былтырғы жылы жетпіс жастың желкенін қиған, ұзақ жыл Ш.Еркінов атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі қызметін атқарып, зейнеткерлік демалысқа шыққан Оңаш Құмаровтың шоқтығы биік. Мектепте оқып жүргенде облыстық, аудандық оқушылар спартакиадасында (100, 200 м) жүгіруден және де басқа да сайыстардан облыс чемпионы атанған оның шәкірттері спорттың әр түрінен аудандық, облыстық жарыстардың жеңімпаз-жүлдегерлері. Аталмыш орта мектепте біраз жыл бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып еңбек етіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының ХІІ съезіне облыстан делегат болып қатысты. «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Әрине, білім беру саласында мұғалім, оқытушы жас ұрпақты тәрбиелеу жолында еселі еңбек етсе, кітапханашылар да сондай қажырлы қызмет атқарады. Осы орайда, биылғы жылы алты ондықтың белесіне көтеріліп, 1986 жылдан бері Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжінде кітапханашы, кадр жөніндегі маман қызметін атқарып келе жатқан Злиха Қуанышеваның еңбегі зор.
Ендеше, осындай еселі еңбек еткен қызметкерлерді ұлықтап, оларға құрмет көрсетсе керемет емес пе?! Соған сай, таяуда ауданға арнайы іссапармен келген «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолы қойылған «Еңбек ардагері» медалін Оңаш Құмаров пен Злиха Қуанышеваға салтанатты түрде табыс етті. Еселі еңбектің елеп, марапаттап жатқан жоғары басшылыққа риза болған қос әріптес шынайы алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ, төраға Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектеп кітапханасына облыстық салалық кәсіподақ ұйымының баспа өнімдерін сыйлады.
Сонымен қатар, осы күнгі кездесу барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Өтепберген Әділов білім беру саласын дамытуға қосқан көп жылғы еңбегі үшін «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ-нің Алғыс хатымен мадақталды.