Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен өткен жылы бастау алып, үрдіске айналған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы бүгін Қызылорда облысында жалғасты.
Облыстың Сырдария ауданында орналасқан №35 И. Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей ұжымымен Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева, «Қызылорда облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев, «Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облыстық ұйымы төрайымы Гүлнәр Есқалиева онлайн форматта кездесті.
Кездесу модераторы Мақсұт Нәлібаев Кәсіподақтар федерациясымен 2022 жыл Әлеуметтік әріптестік жылы болып белгіленгендігін, бастауыш ұйымдармен тығыз байланыс одан әрі жалғастырылатындығын атап өтті.
«Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Қызылорда облыстық ұйымы төрайымы Гүлнар Есқалиева өңірде сала бойынша кәсіподақ ұйымдарымен атқарылып жатқан жұмыстар барысынан мағлұмат беріп өтті.
«Соңғы екі жылда облыстық ұйымда құқықтық мәселелер бойынша 4000-нан аса өтініш қаралды. Әрбір өтініштер жіті зерделеніп, дер кезінде заңға сәйкес жауап берілді. Осы уақытқа Құқықтық жұмыс нәтижесі мен экономикалық тиімділік 266 896 778 теңгені құрады. Негізгі түйткілді мәселелер бастауыш кәсіподақтарда шоғырланған. Сондықтан да, әрбір кәсіподақ мүшесінің жай-күйі, әлеуметтік жағдайы, жұмыс орнындағы мәселелері біздің күн тәртібімізден түскен емес», – деді кәсіподақ төрайымы.
100 жылдық тарихы бар білім ордасының жетістіктері туралы №35 И. Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей директоры Бақытжан Бақбергенова әңгімеледі.
«Қазіргі таңда мектебімізде 110 қызметкер жұмыс атқарады. 100% кәсіподақ мүшелігінде. Барлық мұғалімдер толық жүктемемен, техникалық қызметкерлеріміз бір бірлік штатпен қамтылған. Мектебіміздегі педагог қызметкерлер толық аттестаттаудандың жаңа жүйесінен өткен» деді мектеп басшысы.
«Ұжымдық шартта белгіленген талаптар орындалуда деп айта аламыз. Ұжымдық шартқа сәйкес, техникалық қызметкерлердің еңбек демалыстарына ақылы 6 күн қосымша салалық келісім арқылы қосылып, бірнеше жыл қатарынан төленіп келеді. Кітапханашылар, медициналық қызметкерлер, әдістемелік бірлестік жетекшілеріне ақылы еңбек демалыстарына 3 күн қосылды. Зейнет жасына жеткен педагогикалық қызметкермен еңбек шарты, Ұжымдық шартта көрсетілген негіз бойынша, оқу жылы аяқталғаннан кейін бұзылады деп белгіленді. Педагогтар мен қызметкерлердің кәсіби шығармашылық жұмысын ынталандыру мақсатында олардың шараларға қатысқан уақытында еңбек ақысын сақтай отырып жұмыстан босатуға келістік», – деп жалғастырды мектеп-лицей директоры Бақытжан Бақбергенова.
Сөз кезегін алған бастауыш кәсіподақ ұйымы төрайымы Жанна Сәркеева кәсіподақ ұйымының әлеуметтік әріптестермен бірлесе жұмыс нәтижесімен жеткен жетістіктер және кәсіподақ мүшелеріне қарастырылған әлеуметтік қолдаулар мен көтермелеулер туралы баяндады.
«Ауылдық жерлерде жұмыс жасайтын ұстаздарымызға аудандық бюджеттен коммуналдық қызмет пен отын шығындары үшін 4 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде жәрдемақы төленіп келеді. Мұғалімдердің міндетті медициналық тексеруден өтуіне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, тегін өтуіне мүмкіндік жасалды» деп атап өтті бастауыш кәсіподақ төрайымы.
Мектеп-лицейдің жас маманы, Сырдария аудандық білім кәсіподағы жанынан құрылған Жастар кеңесінің төрағасы Бақытбек Олжас «Білім және ғылым қызметкерлері Қызылорда Облыстық кәсіподақ ұйымының қолдауының арқасында кәсіби және зияткерлік даму, өзімізді таныту және шығармашылық үшін бізге орасан зор мүмкіндіктер қарастырылған. Кәсіподақ- жаңадан қатарға қосылған жастарды шыңдаушы орта», – деп айтып өтті.
Кездесуде кәсіподақ мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек жағдайларын жақсарту бойынша ұсыныс-пікірлер білдірілді.
Мектеп-лицей мұғалімі Айгүл Ахметова демалыс орындарындағы ақылы қызметтердің жолдама құнына толық енгізілуіне ықпал жасалуы туралы әріптестерінің ұсыныс-тілегін жеткізді.
Кәсіподақ мүшесі Кенже Тұрғанбекова еңбекке жарамсыздық парақшасы бойынша төлемнің аздығына тоқталып, оның 15 есептік айлық көрсеткіштен 30-50 есеге өсуіне ықпал жасалса деген ұсынысын білдірді.
Облыстық салалық кәсіподақ төрайымы Гүлнәр Есқалиева сала қызметкерлерінің міндетті медициналық тексеруден өтуін тегін ұйымдастырудың өзектілігін айтып, оның заңнамалық тұрғыда шешілуіне ықпал жасауды сұрады.
Кездесуге қатысқан ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген бүгінгі таңда халықтың әл-ауқатын көтеру және жұмыс орындарында еңбек жағдайын жақсарту, жұмыскерлердің құқығын қорғаудағы кәсіподақтардың белсенділігін арттыру маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрайымы Айгүл Мұқашева Қызылорда облыстық кәсіподақ ұйымы жұмыстарының оң нәтижелерін атап өтіп, білім саласындағы кітапханашылар мәселесін көтеруде белсенділік танытқан Қызылордалық кәсіподақ мүшелеріне алғысын білдірді.
Кездесуді қорытындылаған Нұрлан Өтешев кәсіподақ мүшелерінің көтерген мәселелеріне жеке тоқталып өтті.
«Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын оңалтуда олардың демалысын ұйымдастыруға зор мән беріледі. Осы ретте Кәсіподақтар Федерациясы активіне кіретін санаторийлерде кәсіподақ мүшелерінің демалысын жүз пайыз тегін ұйымдастыру, яғни ем алу құнының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен төленуі туралы мәселені бастамалап жатырмыз. Ал еңбекке жарамсыздық парақшасына келсек, бұл мәселені Кәсіподақтар Федерациясы үнемі көтеріп жүр, осы жылы қаңтар айында өткен республикалық үш жақты комиссия отырысында Федерация төрағасы әлеуметтік бұл жайды әлеуметтік әріптестеріміз назарына жеткізді. Кәсіподақтар еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қызметкердің соңғы он екі айдағы орташа жалақысының жүз пайызы деңгейінде белгілеу арқылы қайта қарауды ұсынды». – деді Нұрлан Өтешев.
Ол кездесуге қатысқан барша әріптестерге және бастауыш ұйымның кәсіподақ мүшелеріне ұтымды ұсыныс-пікірлері үшін алғыс айтып, өзекті мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді.
#Әлеуметтікәріптестікжылы #Годсоциальногопартнерства
#социальноепартнерство #әлеуметтікәріптестік
#равноесотрудничество #еңбекқатынастары
Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы