Ақмола облысының кәсіподақтары 2021 жылғы жұмыс қорытындысын шығарды

Ақмола облысының кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің мүшелері өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының өткен жылғы жұмысының қорытындыларын талқылап, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралардың маңызды бағыттарын белгіледі.


Отырыс жұмысына Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, аумақтық құрылымдардың кәсіподақ жетекшілері, сондай-ақ облыстың кәсіподақ активі қатысты.
Ақмола облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов 2021 жылғы жұмыс туралы баяндамасында ҚРКФ қызметінің 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру шаралары туралы айтты.
Кәсіподақтар орталығының мәліметінше, облыста 1177 бастауыш кәсіподақ ұйымын және жалпы саны 79616 адамды құрайтын 11 ірі кәсіподақ ұйымын біріктіретін 10 салалық және жергілікті кәсіподақтардың облыстық филиалдары жұмыс істейді. Облыс кәсіпорындары мен ұйымдарындағы жұмысшылардың кәсіподақ мүшелерімен қамтылуы 50,6 пайызды құрайды.
Қали Рахметовтың айтуынша, 2021 жылы 1595 кәсіподақ мүшесі бар 34 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған. Пошта қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалы да құрылды, оның құрамына 800 адамы бар 11 бастауыш ұйым кіреді.


Оның айтуынша, облыста 2021 жылғы 26 ​​наурызда жасалған әкімдік, кәсіподақтар және кәсіпкерлер бірлестігі арасындағы аймақтық келісім негізінде өнімді әлеуметтік әріптестік жолға қойылған.
«Өткен жылы әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық комиссияның 21 отырысы өтіп, оның барысында еңбек заңнамасының сақталуы, жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау және кәсіподақ қызметінің басқа да мәселелері қаралды», – деді Қали Рахметов.
Бүгінгі таңда Ақмола облысының 6 920 кәсіпорны ұжымдық шарттық реттеумен қамтылған, бұл жұмыс істеп тұрған 10 905 кәсіпорынның 63,5 пайызын құрайды. Оның ішінде 1177 ұжымдық шарт кәсіподақ ұйымдарымен жасалған.
Кәсіподақтар орталығы әртүрлі қызмет нысанындағы 100 ұжымдық шартты олардың тиімділігі мен қосымша әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету тұрғысынан талдады.
«Тыныс» АҚ, «СЕМІЗБАЙ-U» ЖШС және «Көкшетау Энерго» ЖШС адами капиталды басқаруды ұйымдастыруды жетілдіруге бағытталған және еңбек жағдайын жақсартатын ұжымдық шарттарды атап өткен жөн. Сондай-ақ, «Көкшетау Энерго» ЖШС кәсіподақ құру кезеңінде электрмонтерлердің жалақысы 2 есеге, мамандандырылған техника жүргізушілерінің жалақысы 2,5-3 есеге өсті», – деп атап өтті кәсіподақ төрағасы.


«Еңбек дауларының алдын алу мақсатында Кәсіподақтар орталығы өңірдегі әлеуметтік шиеленіс қаупіне күнделікті мониторинг жүргізеді. Мәселен, «Қазақалтын» ТМК» АҚ Бестөбе кеніші филиалына қарасты «Қазақалтын Logistik» ЖШС жұмысшыларының жалақыны көтеру және еңбек жағдайын жақсарту мәселелері бойынша өтініші ерекше бақылауға алынды. Қабылдаған шаралардың нәтижесінде кәсіпорын басшылығы жыл сайынғы еңбекақыны индекстеуді жүргізіп, еңбек жағдайын жақсарту және жұмыскерлерді қажетті арнайы киіммен қамтамасыз ету шараларын қолға алды. Облыстық Қоғамдық кеңес жұмысына кәсіподақтардың қатысуы аясында «Көкшетау жылу», «Көкшетау су арнасы» және Степногорск қалалық энергетикалық кешені қызметкерлерінің еңбекақысын тиісінше 30, 20 және 18 пайызға арттыруға көмек көрсетілді. Сонымен қатар, Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіру кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді», — деді Қали Рахметов.
Кәсіподақтар орталығының төрағасы өндірістік жарақаттану деңгейінің айтарлықтай төмендегенін де баяндады.
«2020 жылы облыстағы кәсіпорындарда 70 адам зардап шекті, оның 15-і қайтыс болды. Өткен жылы облыста өндірісте 36 жазатайым оқиға тіркелсе, оның ішінде 7 адам қаза болды. Бұл ретте тек 5 кәсіпорында кәсіподақ ұйымы бар. Ең көп көрсеткіш тау-кен өндіру, тау-кен металлургия өнеркәсібінде байқалады», – деді Қали Рахметов.
Кәсіподақтар орталығы «2021-2023 жылдарға арналған қауіпсіз жұмыс» бағдарламасын әзірледі. Облыс кәсіпорындарында 904 Өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істейді және 995 техникалық инспектор қоғамдық бақылауды жүзеге асырады.
Кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында айтарлықтай нәтижелер атап өтілді.
«Білім беру қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы педагогикалық қызметкерлерге сотқа талап арыз дайындауға және олардың мүддесін қорғауға көмектесті. Ауылдағы педагогикалық қызметкерлердің коммуналдық төлемдерін төлеу мәселесі оң шешімін тапты. Бүгінде облыс бюджетінде ауылдық жерде тұратын педагогикалық қызметкерлерге 15 АЕК көлеміндегі коммуналдық төлемдерді төлеуге 500 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Мәдениет қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы Еңбек кодексінің нормалары бұзылып, жұмыстан босатылған 2 азаматты жұмысқа қайта алуға көмек көрсетті. «SENIM» облыстық денсаулық сақтау қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы пандемия кезінде қайтыс болған медицина қызметкерлерінің төрт отбасына 1 миллион теңгеден жәрдемақы төледі», – деді Кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Облыстағы кәсіподақ мүшелерін құқықтық қамтамасыз ету еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында, сондай-ақ Заң клиникасы филиалының жұмысы аясында жүзеге асырылады.
Отырыс барысында аумақтық құрылымдардың жұмысы туралы тиісті баяндамамен «Ақмола облысының денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің «SENIM» жергілікті кәсіподағы» ҚБ «Көпбейінді облыстық аурухана» бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Н. Соколова, «Қазметаллкәсіп» салалық тау-кен металлургия кәсіподағының филиалы «Алтынтау» кәсіподақ ұйымының төрағасы Әнуарбек Әленов және Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Ақмола облыстық филиалы М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Күлзада Мұхамедқалиев сөйледі.
Отырысты қорытындылаған ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев облыстық кәсіподақ ұйымдарының жұмысының оң нәтижелерін атап өтті.


Ол қатысушыларға Кәсіподақтар федерациясының әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту, азаматтарды әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру бойынша бастамалары және кәсіподақтардың күн тәртібіндегі басқа да өзекті мәселелер туралы айтып берді.
Мұхтар Тінікеев атап өткендей, Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны көтеру мәселесін белсенді түрде көтереді.
«2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақының 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көтерілуі ең алдымен кәсіподақтардың еңбегі деп білемін. Біз әлеуметтік әріптестіктің барлық алаңдарында ең төменгі жалақыны көтеру қажеттілігі туралы мәселені бірнеше рет көтердік. Бұл өзгерістер орын алды. Дегенмен, бұл мәселеге Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары негізінде қарау керек. ХЕҰ бекіткен Кейтц индексі ең төменгі жалақы орташа жалақының 50 пайызын құрауы керек деп көрсетеді. Қазақстандағы орташа жалақы 270 мың теңге болса, ең төменгі жалақы шамамен 135 мың теңге болуы керек. Біздің елде ең төменгі жалақы орташа жалақының 20 пайызын құрайды», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.
Сондай-ақ, ол әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.
«2021 жылғы 12 наурызда Үкімет, республикалық жұмыс берушілер бірлестігі және республикалық кәсіподақтар бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Бас келісім нормаларын әзірлеуге тұңғыш рет кәсіподақтардың барлық 3 республикалық бірлестігі қатысты. Бүгінде біз Еңбек адамының құқығы мен мүддесін бір кісідей қорғаймыз. Біз жаңа Бас келісімге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру нормаларын және жұмысшыларға қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға бағытталған басқа да маңызды нормаларды енгізе алдық», – деді Мұхтар Тінікеев.
Әлеуметтік әріптестік жылы аясында кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған міндеттерге тоқталып, жұмыс берушілермен сындарлы диалог орнату және еңбеккерлердің құқығын қорғауда кәсіподақтардың рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.
Мұхтар Тінікеев кәсіподақ мүшелігінің артықшылықтары мен кәсіподақ мүшелері үшін қолжетімді әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктерден ауқымды материалдық мүмкіндіктерге басты назар аударды.
«Бүгінде Қазақстандағы 3 миллионнан астам жұмыскер кәсіподақ қозғалысымен қамтылмаған. Көптеген адамдар кәсіподақ не береді деген сұрақтарды қояды. Бірқатар кәсіпорындардың ұжымдық шарттарына талдау жүргіздік. Мәселен, жалақысы 100 мың теңге болса, жылдық жарнаның мөлшері 12 мың теңгені құрайды. Бірақ, ұжымдық шарт бойынша кейбір кәсіпорындарда пайда 150 мың теңгеге дейін жетеді және одан да көп», – деп нақтылады спикер.
Бірінші кезектегі міндеттер қатарында еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау шаралары белгіленген.
«Өткен жылы елімізде 74 еңбек дауы тіркелді. Бұл ретте олардың 31-інде ғана кәсіподақ ұйымы болған. Бұл кәсіподақ бар жерде келіссөздер процесі мен еңбек даулары заңды түрде шешілетінін көрсетеді. 2022 жылдың басынан бері 8 дау тіркелді. Туындаған еңбек дауларының басты себебі – жалақының төмендігі», – дейді Мұхтар Тінікеев.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Кәсіподақтар федерациясының жұмысшылардың тұрмыс деңгейін көтеруге қатысты Үкіметке жолдаған ұсыныстарына жан-жақты тоқталды.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде әлеуметтік әріптестермен кездесу барысында Кәсіподақтар федерациясының ұсыныстары, оның ішінде жалақыны индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту шаралары қаралды. Бүгінгі күні индекстеу мәселелері ұжымдық шарт бойынша реттеледі. Егер бұл норма ұжымдық шартта қарастырылмаса, онда кәсіпорын еңбекақыны индекстемейді. Бұл норманы ұжымдық шартты реттеуге сілтеме жасамай, заң жүзінде бекіту керек деп есептейміз», – деді Мұхтар Тінікеев.
Сондай-ақ, ол қатысушыларды Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясында қол жеткізген жетістіктері туралы хабардар етіп, кәсіподақтардың жаңа жобаларына тоқталды.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы