Тәрбиешілер сынға түсті

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тәрбиешілерінің кәсіби шеберлігі мен біліктілігін шыңдау және шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ Балқаш қалалық білім қызметкерлері кәсіподағы қоңыр күзде «ҮЗДІК ТӘРБИЕШІ» конкурсын ұйымдастыруды жоспарлады. Бүгінде қалалық конкурстың іріктеу кезеңі басталып кетті.

Балқаш қаласының «Балдырған» бөбекжайының ұжымы қалалық байқауда балабақшаның намысын қорғайтын тәрбиешіні анықтады. «Таныстыру», «Ертегі кейіпкерін сомдау», «Тәрбие туралы монолог» сияқты шығармашылық тапсырмаларды мүдірместен орындаған «Ақжелкен» тобының тәрбиешілері Анар Жумашева, Алтынкүл Божанова, «Балапан» тобының тәрбиешілері Нұрай Мәдениет пен Лаура Маркабаева, «Гүлдер» тобының тәрбиешісі Ботагоз Маратқызы педагогикалық жағдаяттарды шешу бойынша да сынасты. Сонымен бірге, олар педагогика және психологиялық теориясы мен әдістемесі білімдерін тексеруге арналған тестілеуден өтті.

Байқау алаңында жолыққан тәрбиешілердің түгелі кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тәрбие процесінде инновациялық әдістерді кеңінен қолданатын, шығармашыл әрі ізденпаз екендерін байқатты. Әр тапсырмаға асқан жауапкершілікпен дайындалған бала жанының бағбандары ішінен Нұрай Мәдениетқызы суырылып шықты. Жас та болса алдыңғы толқын тәрбиешілердің тағлымы мен тәлімін бойына сіңірген Нұрайға әріптестері қалалық сыннан сүрінбей өтуге тілекші.

«Үздік тәрбиеші» байқауында Бас жүлдені иеленген тәрбиеші Қарағанды қаласында өтетін облыстық конкурсқа жолдама алмақ. Жалпы, Балқаш қаласы бойынша барлығы 14 тәрбиеші бақ сынасады.