Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева және облыстық кәсіподақ ұйымының заңгері Тілепберген Ермахан Келес ауданы адами капиталды дамыту бөліміне қарасты №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті.
Кездесу барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының 129 өкілі өздерінің ойында жүрген сұрақтарын қойды. Әлеуметтік әріптестік келісімінің аясында еңбек жағдайларын жақсарту үшін және екінші немесе бірінші санаттағы біліктілігі жоғары деңгейлі мұғалімге «педагог сарапшы» біліктілік санатын беру кезінде педагогикалық шеберлігі үшін лауазымдық айлық пен қосымша ақыны анықтауға қатысты барлық сұрақтарына жауап алды.
Өз кезегінде облыстық кәсіподақ төрағасы бастауыш кәсіподақ мүшелеріне ұжымдық келісімдердің маңыздылығы атап өтіп, білім беру ұйымдарында жасалған ұжымдық келісімшарттардың көп бөлігі ұйымдардың жұмысын тұрақтандыруға, еңбек ақының өсуін қамтамасыз етуге бағытталатынын айтты.