«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы Батыс Қазақстан облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі «Жайықжылуқуат» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымында жалғасын тапты.
Кездесуді ашқан «Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрайымының орынбасары Бауыржан Атауов 2021 жылы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жылында аталған акцияның жемісті болғанын айтып өтті.
«Осындай кездесулер кәсіподақ мүшелеріне Кәсіподақтар федерациясының басшылығына, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына, мемлекеттік органдардың өкілдеріне өздерін толғандыратын сұрақтарды қоюға мүмкіндік берді. Ал көрсетілген мәселелер осындай назардың арқасында өз шешімін тапты», – деп атап өтті Бауыржан Атауов.
«Жайықжылуқуат» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Нұғманов аталған ұйымда 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Нұрлан Дүйсембайұлы қатысушыларды кәсіподақ ұйымының жұмыс барысымен таныстырып, мекеме қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы айтып өтті. Сонымен қатар, кәсіпорында тең дәрежеде келісім комиссиясы мен өндірістік кеңес жұмыс жасайтыны айтылды.
«Жайықжылуқуат» АҚ жұмысы туралы мекеменің бас директоры Қуат Мусин толығырақ таныстырып өтті. Сонымен қатар, ұйым басшысы кездесетін мәселелер мен сұрақтар туралы баяндады. Бас директордың айтуынша, кәсіпорында 968 қызметкер бар, оның 92%-ы кәсіподақ мүшелері. Әкімшілік тарапынан келісім комиссиясы талаптарының барлығы орындалуда.
Кәсіподақ ұйымының жұмысымен танысқан «Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Құсейін Есенгазин «Жайықжылуқуат» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысына жоғары баға берді. Аталған ұйым республикалық деңгейдегі үздік мекемелердің бірі екеніне тоқталып өтті. Сонымен қатар, қоғамдық ұйым төрағасы Батыс Қазақстан облысының кәсіподақ ұйымдарына жұмысшылардың талап-тілектерін орындаудағы белсенді қызметтері үшін алғыс білдірді.
Кәсіподақ мүшесі, кәсіподақ ұйымының жастар қозғалысының жетекшісі, мекеменің шебері Манат Ихсанов кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымының жастарға білдіретін қолдауы туралы, жастар қозғалысының жұмысы туралы тоқталып өтті.
Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнар Жұмагелдиева кәсіподақ мүшелерінің көтерген сұрақтарының маңыздылығын атап көрсетті.
«Мекемелердегі өндірістіік жарақат алу жағдайларына ерекше тоқталғым келеді. Егер ұйымдардағы техникалық инспекторлар алдын ала бақылау жасаса, мұндай жағдайларды болдырмауға болатын еді. Сонымен қатар, сіздің ұйымдағы ұжымдық шарттың мерзімі аяқталып келе жатқанын қаперіңізге салғым келеді, әрі жаңадан жасалатын ұжымдық шарттарыңызда қызметкерлердің жағдайына оң көзқарас беретін тұстардың көп болғанын алға тартамын. Көптеген кәсіпорындардағы еңбекақы мәселесі тарифтерге байланысты екенін білеміз. Бұл бағытта біз Үкіметпен еңбекақыны индекстеу мәселесі бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Содан басқа, еңбек инспекцияларының Еңбек министрлігінің бір тармағы ретінде жұмыс атқарып, өңірлерде техникалық инспекторлармен бірге мониторинг және ұжымдық шарттардың сараптамасын жасауды ұсынамыз», – деп атап өтті Гүлнар Амангелдіқызы.
Сонымен қатар, онлайн жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева қатысып, қатысушылардың сұрақтарына жұмысшыларға қатысты заңнамалар тұрғысында жауап берді.
Қорытындылай келе, «Батыс Қазақстан Кәсіподақтар орталығы» АКБ төрайымының орынбасары әріптестер мен қатысушыларға мардымды сұрақтар мен толыққанды жауаптар үшін алғыс білдіріп, аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын табатынын атап өтті.