Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды

Түркістан қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла, салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыс, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы  Райхан Қыдырбаева және Түркістан қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы  Диана Турманованың қатысуымен 3 сағатқа созылған кәсіподақ активінің жиналысы қызу талқылауда өтті.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла қызметкерлердің әлеуметтік проблемаларын шешудегі кәсіподақ ұйымдарының тиімді қызметін арттыру жөніндегі міндеттерді іске асыру мен қараудың бірнеше жолдары мен бағыттарын нақты атап берді. Білім мен ғылым саласын дамыту, мұғалімдердің құқығын қорғау, әлеуметтік әріптестік келісімінің аясында еңбек қатынастарын реттеу және тағы басқа өзекті мәселелерді күн тәртібіне қойып, тиімді шешу жолдарын айқындады.

Қалалық кәсіподақ ұйымының төрайымы Диана Турманова Түркістан қаласында білім саласында еңбек етіп жүрген жас мамандар мәселесіне байланысты көптеген істер атқарылғанын, өткен жылдарға қарағанда жағдайдың біршама өзгергенін, әйтсе де жас мамандардың, оның ішінде ағылшын тілі, химия, физика пәндерінің мамандарының қажеттілігін атап өтті. Қалалық кәсіподақ ұйымы жыл сайын Халықаралық әйелдер күнін және ұлттық Наурыз мерекесін өткізуге, ардагерлерге құрмет көрсету мен Қарттар күніне іс-шаралар ұйымдастыруға қатысатындығын айтты.

Өз кезегінде, Райхан Қыдырбаева Еңбек адамының құқығын қорғау, еңбек адамының кауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек жастарын қолдау, еңбек адамының әлеуметтік жағдайын көтеру мәселелеріне кеңінен тоқталып, алдағы уақытта кәсіподақ атқаратын жұмыстардың негізгі бағыттары осы мәселелер екенін атап өтті.

Кездесу барысында қалалық кәсіподақ ұйымының мүшелері көптеген тақырыптарды қозғап, өз сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, аталмыш кездесулердің жиі болуына тілек білдірді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың болашақтың кілті мектептен бастау алатынына тоқтала отырып, жаңа заман талабына сай техникалық кадрларды даярлаудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті.