Ақтөбеде кәсіподақ білім беру ұйымдарының басшыларына семинар ұйымдастыруда

Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің аясында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы мен облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен «Педагогтерді аттестаттау. Білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау. Басшыларды ротациялау кезінде еңбек қатынастарын ресімдеу» тақырыбында оқыту семинары жалғасып жатыр.

Онлайн режимінде өткен шараға бұл жолы Байғанин және Ырғыз аудандарындағы білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарлары және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.

Алдымен облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы директорының орынбасары Жәния Исатаева және осы орталықтың бөлім басшысы Гүлмира Нукеева мұғалімдерді аттестаттаудың негізгі қағидалары мен шарттарын түсіндірді. Жаңа ережеге сәйкес енген өзгертулер туралы жан-жақты мағлұмат берді. Эссе жазу, е-портфолие бойынша туындаған сұрақтардың жауабын берді.

«Өз мамандығын сүйетін ұстаз «аттестаттау арқылы біліктілігімді арттырсам, білімімді тереңдетсем, шәкірттерімді сапалы оқытсам» деген мақсат қууы керек», – деді Жәния Әлмұханқызы.

Одан кейін мектеп басшылары мен олардың орынбасарларын ротациялау тәртібін семинарға қатысушыларға кәсіподақ заңгері, бас маман А. Алимпиев пен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман Н.Жетпісбай егжей-тегжейлі түсіндірді.

Дәл осындай семинары 16 ақпан күні Қарғалы және Қобда ауданының педагогтері үшін ұйымдастырылады.