Ырғыз ауданындағы балалар өнер мектебінің домбыра және сольфеджио пәндерінің мұғалімі Тілекина Шолпан Аркадийқызы – ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, әр істің қыр-сырын таба білетін шебер мамандардың бірі. Ол 1994 жылы Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыка училищесін бітірген соң, осы білім ұясына жұмысқа орналасты. Жұмыс жасай жүріп, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын тәмамдаған. Көптеген мақаласы аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көрді. «Жарқын болашақ» республикалық әдістемелік журналына сабағы жарияланды. Түрлі семинарларға қатысып, әріптестерімен өз тәжірибесімен бөлісті. Балалардың шығармашылығын дамытатын шаралары ата-аналардың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Шолпан өткен тәжірибесін жаңамен ұштастырып, кәсіби қызығушылығы жоғары екенін ұжым алдында дәлелдеп келеді.
Шолпан Тілекина 2008-2010, 2021 жылдары мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Өз ісіне тиянақты маман ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен өзгелерге үлгі бола білді. Өзінің өткізген әрбір сабағы жаңашылдыққа толы.
Талантты ұстаздан тәлім алған шәкірттер де биік белестерді бағындырып жүр. Шолпан Аркадийқызының оқушылары республикалық «Дала сазы», «Балбұлақ», халықаралық «Тайжарыс – Талант» байқауларында жүлделі орындар иеленді. Өзі бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы. 2020 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Ырғыз ауданы бойынша «Жыл таңдауы – 2020» шарасында «Ең үздік қосымша білім беру ұйымының педагогі» атанды.
Оқушыға саналы білім берумен қатар, дүниетанымен кеңейтіп, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты етіп дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл, әрине, ұстаздан да көп ізденісті талап етеді. Өйткені, «Шәкірт біліммен толтыратын бос құмыра емес, ол жануға дайын тұрған шырақ, ұстаз-шырақшы ғана…».