Бүгін елордада Кәсіподақтар федерациясы Сараптамалық кеңесінің отырысы өтті. Кеңестің мүшесі, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев жиынды ашып берді.
Онлайнда өткен басқосуда еңбек заңнамасын жетілдіру арқылы тұрғындардың табысын арттыру жөніндегі ұсыныс талқыланды.
Кәсіподақтар федерациясы Сараптамалық кеңесінің төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева екі заңнамаға қатысты өзгертулердің екі блогын әзірлеп жатқанын жеткізді. Біреуі – тұтас еңбек қатынастарына қатысты, оны бір топ Сенат пен Мәжіліс депутаты бірлесіп ұсынып отыр.
«Ол еңбек заңнамасын жетілдіруді, атап айтар болсақ тұрғындардың еңбек ақысын көтеруді көздейді. Ол талқылауға жеңіл болуы үшін бірнеше топқа бөлінген. Табыс, кәсіподақ деген секілді жеке-жеке қаралады. Сіздердің назарларыңызға ұсынылатын блок – еңбек табысының есебінен тұрғындардың кірісін арттыру», – деді Екатерина Смышляева.
Сараптамалық кеңес төрағасының айтуынша, тағы бір блок өзгертулер – әлеуметтік әріптестік мәселесі келесі жиында талқыланады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Адам құқықтарын қорғау ғылыми-зерттеу институтының директоры, з.ғ.к. Әнуар Түгел бұған дейінгі 2017 жылғы ҚР Еңбек кодексіндегі кейбір нормалар алынып тасталғанын атап өтті.
«Осы жетіспейтін тұстар көптеген еңбек дауының шығуына себепші болуда. Әлеуметтік әріптестік және ұжымдық шарт осы кемшін тұстар толықтыра алмайтыны белгілі. Жаңа Еңбек кодексін әзірлегенде осы тұстарды толықтырады деп күтілген болатын. Көптеген сұрақтар бар. Қазір осымен жүйелі түрде, концептуальды түрде айналысу керек», – деп пікір білдірді сарапшы.
Екатерина Смышляева Еңбек кодексі қабылданғаннан бері заңнама ұдайы толықтырылып келе жатқанын айтты. Депутат қазіргі ұсыныс аталмыш кемшін тұстарды жоюға көмектеседі деген үмітте.
Кеңес төрағасы еңбекақы айырмашылығына қатысты мәселені көтерді.
«Бізде еңбекке ақы төлеу жүйесі 2018 жылдан бері бюджет саласында және өнеркәсіп секторында жоспарлы түрде аса көп емес мөлшерде өсіріліп келді. Жеке сектордағылар бюджет саласына қарағанда жалақыны 1,5-2 есе көп алатын еді. Заңгерді алатын болсақ, жеке секторда оның еңбекақысы 3,4 есе жоғары болуы мүмкін еді. Ал салалар арасында және салалық ішкі жүйеде біз аса көп айырма көрмедік. Кейінгі кезде біз кейбір мамандықтардың мәртебесін жүйелі түрде көтере бастадық. «Педагог мәртебесі туралы» салалық заң әзірленді. Білім саласында білікті мамандардың жалақысын бірден көтергенде ең басты еңбек кикілжіңінің «триггері» – бір ұжымның ішіндегі жалақы айырмашылығына тап болдық», – деді Екатерина Смышляева.
Педагогтің жалақысы екі есеге артқанда басқа персоналдардың жалақысы өзгерместен қалған. Былтыр жыл басынан бері салыстырмалы түрде алғанда бір ұжымдағы жалақы айырмасы шамамен 7-8 есеге жеткен. Депутаттың ойынша бұл өте көп.
«Бұлар біліктілігі төмен мамандықтар дегенімізбен теориялық тұрғыдан былай болмауы тиіс. Мұндай айырма бұған дейін болмаған. Осы жағдай медицина саласында қайталануда. Мемлекеттік қызметшілер де осы жағдайды бастан кешіруде», – деді Екатерина Смышляева.
Сарапшының пікірінше, жалақы төлеуге келгенде кейбір мамандықтардың қай салаға жататын нақтылайтын мәселе туындап отыр.
«Мысалы педагогтер жалақысы төмен болған кездері бәрі бірдей аз жалақы алды. Тубдиспансердегі педагог немесе мектептегі педагогтің айырмасы жоқ еді. Мектептерде жалақы көтерілгенде білім жүйесіне кірмейтін педагогтер одан тыс қалды. Өйткені олар денсаулық сақтау жүйесінің бюджетіне қарайды. Жалақы төлеу жүйесіндегі ретсіздікке қатысты мәселелер бірнеше салада байқалды», – деді Екатерина Смышляева.
Депутат талқыланып отырған заңнамалық өзгертулердің басты идеясы – мемлекеттің еңбекақы төлеу жүйесіне қатысты қадамдарын реттеу, тұрақтандыру, жүйелендіру екенін жеткізді.
Қазақ еңбек ғылыми-зерттеу институтының директоры, э.ғ.д, профессор Серікжан Берешев салалық көбейту коэффицентті қосылғанын, оны Үкімет анықтайтынына қатысты тұсқа қатысты өз ұсынысын айтты.
«Менің ойымша осындай тұстарды Еңбек кодексінде кешенді қарастыру керек. Бұрынғы 2017 жылғы кодексте болды. Онда еңбекақы төлеудің минимальды стандарты болды. Менің ойымша осыны қалпына келтіруі керек секілді. Іс жүзінде барлық салалар көбейту коэффицентін белгілейді. Оны олар қалай белгілейді? Бұл басқа сұрақ. Менің тәжірибемнен қарасақ құрылыста зиянды ортада жұмыс істегенге еңбекақыны көбейту коэффиценті 3,5 пайыз. Ал мұнай саласында 1,3. Осылай қалай өлшеуге болады? Осындай айырмаға мұнайшылар келіспеуі мүмкін. Оны Үкімет анықтап, белгілеуі тиіс», – деді Серікжан Берешев.
Қазақ гуманитарлық заң университетінің Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу құқығы кафедрасының доценті, з.ғ.к, PhD Айнұр Нәдірова еңбекке ақы төлеу жүйесіне қатысты 107-бап жалақының мөлшері туралы 105-баптың алдында тұру керектігін айтты.
«Жалпыдан жекеге деген түсінік бар. Біз алдымен еңбекке ақы төлеу жүйесі туралы айтамыз да сосын жалақының мөлшеріне өтеміз. Еңбекке ақы төлеу жүйесі туралы түсінік кейінгісіне қарағанда ауқымды», – деді Айнұр Нәдірова.
Сарапшы Еңбек кодексінің 3-бабы 1 тармағына «мемлекеттік минимальды кепілдікті белгілеуді» қосуды ұсынды.
Еске сала кетсек, 2021 жылы желтоқсан айының соңында Кәсіподақтар федерациясы Сараптамалық кеңесінің жаңа құрамы бекітілген еді. Оның құрамына Парламент депутаттары, беделді ғалымдар, әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамытуда және азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауда кәсіби тәжірибесі мол көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері кірді. Сараптамалық кеңес мүшелері еңбекшілердің мүддесін қозғайтын заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша өзара келісілген ұстанымдарды әзірлеп, өзекті әлеуметтік-еңбек мәселелерін ашық талқылайды.