Қарағанды облысының кәсіподақтары 2021 жылды қорытындылады

Бүгін Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің қатысуымен Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кәсіподақтар федерациясы 2022 жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялауына орай Үйлестіру кеңесінде Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы мен Қарағанды облысы Әйелдер күштері Альянсы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандумның мақсаты – Қарағанды өңірінде әйелдер мен балалардың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыру, әйелдер мен балалардың құқығының бұзылуын жоюға жағдай жасау.

Үйлестіру кеңесі мүшелерінің жұмыс нәтижелері туралы Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабеков баяндады. Оның айтуынша, Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы облыстың Кәсіподақ орталығының жұмысы кәсіподақтың бастауыш ұйымдарына қолдау көрсете отырып еңбек ұжымдарымен кері байланыс орнату жүйесін құруға бағытталды.

Қазіргі таңда облыста 14 салалық кәсіподақ ұйымы бар, оның құрамында 1 359 бастауыш кәсіподақ ұйымы істейді, оларда 165 546 кәсіподақ мүшесі бар, бұл Қарағанды облысындағы халықтың белсенді бөлігінің 25 пайызы.

Кәсіподақ орталығының төрағасы 2021 жылы құрамында 6 544 адам бар 43 бастауыш кәсіподақ ұйымының құрылғанын айтты. Мүше ұйымдармен 1 248 ұжымдық шарт жасалған.

«Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы барысында Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы 18 бастауыш ұйымға барып, жиында кәсіподақ мүшелері өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізген.

Болат Жұмабековтің айтуынша, Кәсіподақ орталығына түскен еңбек құқықтарының бұзылуы туралы мәселелер оң шешім тапқан.

«Облыстағы кәсіпорындардағы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы Салалық кәсіподақтардың өңірдегі филиалдарымен бірлесіп әлеуметтік әріптестерімен 254 кездесу өткізген. Яғни еңбек ұжымдарында 32 785 адам қамтылған.

Кәсіподақ орталығы төрағасы еңбек дауларының алдын алу және реттеуге жіті назар аударды.

Облыстың кәсіподақтары Кәсіпорындарды әлеуметтік шиеленіс жөніндегі тәуекелдер картасын әзірледі, онда жұмыс беруші мен кәсіподақ тарапынан  бірлесіп баға беру және шешім қабылдауды талап ететін еңбек ұжымдарының өзекті мәселелері көрсетілген.

«Осы бастама әлеуметтік әріптестік алаңына жедел шығарып және шешім табу арқылы ұжымдардағы басталатын еңбек дауларының алдын алуға мүмкіндік берді», – деді Кәсіподақ төрағасы.

Өңірде әлеуметтік әріптестік былтыр сәуір айында жасалған 2021-2023 жылдарға арналған өңірлік үшжақты келісім негізінде жүзеге асырылады. Құжатқа қайғылы оқиғаны тергеу, еңбеккердің денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін еңбек қауіпсіздігінің бұзылуы фактісін тексеру және басқа да ұсыныстармен техникалық инспекторларды кәсіпорынға кедергісіз жіберуді қамтамасыз жөніндегі кәсіподақ ұсыныстар топтамасы енгізілді.

Болат Жұмабековтің айтуынша, былтыр Қарағанды облысында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның 12 отырысы өткізілген. Маңызды нәтижелер қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыста аталып өтілді.

Кәсіподақ орталығының мәліметі бойынша, былтыр өңірде 199 қайғылы оқиға тіркеліп, салдарынан 238 адам зардап шеккен.

Қарағанды облысындағы ұйымдар мен кәсіпорындарда 1 140 өндірістік кеңес бар, оларда 1 600 кәсіподақтың еңбекті қорғау қоғамдық инспекторы істейді.

«Әлеуметтік әріптестік аясында «2021-2023 жылдары  Қарағанды облысында еңбекті қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қауіпсіз еңбек» өңірлік бағдарламасы бекітілді. Облыстың 160 ірі кәсіпорыны еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізді. 5 кәсіпорын «VisionZero» бағдарламасына қатысуда, 31 кәсіпорынға «Халық бақылауы» жобасы енгізілген», – деді Болат Жұмабеков.

Отырыста «SENIM» Денсаулық сақтау жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облысындағы филиалы төрағасы Ноян Бидайбаев, Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Қарағанды облысындағы филиалы төрағасы Алмагүл Өсерова, «Қазақстан теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Қарағанды облысы филиалының төрағасы Әлмусин Яхия, Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары Татьяна Шатохиналар баяндама жасады.

ҚР КФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев отырысты қорытындылай отырып Қарағанды облысы кәсіподақтары жұмысының оң нәтижелерін атап өтіп, алдағы кезеңге бірқатар басым бағыттарды белгіледі.

Мұхтар Тінікеев әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«2021 жылы 12 наурызда  ҚР Үкіметі, жұмыскерлердің республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойды. Алғаш рет Бас келісім нормаларын әзірлеуге 3 республикалық кәсіподақтар бірлестігі қатысты. Бүгінде біз Еңбек адамы құқығы мен мүддесі үшін бірлесіп жұмыс істейміз. Жаңа Бас келісімге біз еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру жөніндегі нормаларды және еңбеккерлерге жайлы және қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға бағытталған басқа да маңызды нормаларды кіргіздік», – деді ҚР КФ төрағасының орынбасары.

Басым бағыттағы міндеттер қатарында еңбек ұжымдарында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау жөніндегі шаралар белгіленген.

«Былтыр елімізде 74 еңбек кикілжіңі болды. Олардың 31-інде ғана кәсіподақ үйымдары бар еді. Кәсіподақ ұйымдары бар ұжымдарда келісім үдерісі құқық алаңында өтті. 2022 жылдың басынан бері 8 кикілжің тіркелді», – деді  Мұхтар Тінікеев.

Оның айтуынша, еңбек дауларының пайда болуына негізінен төмен жалақы себепші болады.

Мұхтар Тінікеев Кәсіподақ федерациясының азаматтардың әлеуметтік қорғалу деңгейін көтеру жөніндегі бастамалары мен кәсіподақ күнтәртібіндегі басқа да өзекті мәселелерге ерекше мән берді.

«Кәсіподақтар елімізде жалақы деңгейін көтеру қажеттілігі туралы ұдайы ескертіп келеді. «Қасіретті қаңтар» кәсіподақтардың өте өзекті мәселелерді көтергенін көрсетеді. Осыған байланысты біз Үкіметке әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсарту жөнніде бірқатар ұсыныс жібердік», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

ҚР КФ ұсынысы жалақыны индексациялауды заңнамамен бекітуге қатысты.

«Бүгінде индексациялау мәселесі ұжымдық шарт аясында реттеледі. Егер бұл норма ұжымдық шартта қарастырылмаса онда кәсіпорын жалақыны индексацияламайды. Біз осы норманы ұжымдық-келісімдік реттеуге сілтемей заңнамада белгіленуі тиіс деп санаймыз», – деп түсіндірді Мұхтар Тінікеев.

Ол осымен бірге еңбеккерлердің талаптар ұсыну үдерісін жеңілдету, кәсіподақтың ереуіл өткізу құқығын бекіту жөніндегі бастамаларды, сондай-ақ еңбек кикілжіңдері туындау қаупі жоғары кәсіпорындарда еңбек консультациялары тәжірибесін енгізу жөнінде айтты.

ҚР КФ-ның жеке ұсыныстар блогы төменгі жалақы мөлшерін анықтау жүйесіндегі олқылықтарды жоюға бағытталған.

«Бүгінгі таңда елімізде төменгі жалақы мөлшерін анықтайтын әдістеме жоқ. Сонымен қатар осы мәселеге Халықаралық еңбек ұйымы ұсынымдары негізінде келу керек. ХЕҰ бекіткен Кейтц индексіне сәйкес төменгі жалақы орташа жалақының 50 пайызындай болуы тиіс. Егер Қазақстанда орташа жалақы 275 мың теңге болса, онда төменгі жалақы шамамен 135 мың теңге болуы керек», – деді ҚР КФ төрағасының бірінші орынбасары.

Әлеуметтік әріптестік жылындағы кәсіподақ ұйымдары алдында тұрған міндеттер туралы айта келе, ол жұмыскерлердің құқығын қорғауда әлеуметтік диалогты және кәсіподақ  ролін күшейтуді атап өтті.

Еске сала кетсек, ҚР КФ Бас кеңесінің шешімімен Федерация және оған мүше ұйымдар 2022 жылды әлеуметтік әріптестік аясында өткізеді. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерімен еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын жақсарту, жалақыны өсіру және жұмыс істеуге сай келетін жағдай жасау жөніндегі бірқатар шараларды әзірлеп және іске асыруға ниеттеніп отыр.