ҚРКФ «Халық бюджеті» кәсіподақ жобасының екінші маусымы басталғанын хабарлайды

ҚРКФ қолдауына ие болатын кәсіподақ мүшелерінің бастамаларын анықтауға бағытталған «Халық бюджеті» кәсіподақ жобасы биыл да жүзеге асады.

«Халық бюджеті» жобасына кәсіподақтардың, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының, бастамашыл топтардың, жастар кеңестерінің, еңбеккер әйелдер істері жөніндегі комиссиялардың мүшелері қатыса алады.

Жобаны жүзеге асыру кәсіподақ мүшелерін шешім қабылдау процесіне тарту арқылы кәсіподақ қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өзара байланысын жақсартуға ықпал етеді.

Перспективті жобаларды іріктеу жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты дамыту, кәсіпорын, ұйым деңгейінде жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік әріптестікті нығайту және дамыту, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету, кәсіподақтар қозғалысының деңгейін, беделі мен имиджін арттыру сияқты өзекті бағыттар және Кәсіподақтар федерациясының стратегиясын іске асыру аясында басқа да тақырыптар бойынша жүзеге асырылады.

Бұл ретте жобаларға қойылатын негізгі талаптар әлеуметтік-қоғамдық маңызы, өзектілігі, жаңашыл тәсілдер, кәсіподақ жобасының одан әрі даму перспективалары болып табылады.

«Халық бюджеті» жобасының іске асырылуын іріктеу мен бақылауды мүше ұйымдардың өкілдерінен құрылған Сараптамалық комиссия жүзеге асырады. Айта кету керек, 2022 жылы жобаға деген үлкен қызығушылықты ескере отырып, Федерация жобаның бюджетін үш миллион теңгеге дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады.

Еске салайық, өткен жылы «Халық бюджеті» жобасы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарынан 31 өтініш түскен болатын. «Ақмола облысы білім басқармасының Атбасар ауданы бойынша білім бөлімінің Атбасар қаласының №3 орта мектебі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымы «Фитнес кәсіподақ» жобасымен жеңімпаз деп танылды. Бұл жобаны жүзеге асыруға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бір миллион теңге көлемінде қаражат бөлді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы