Бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері вебинарға қатысты

Эссе – прозалық әдеби жанр. Дегенмен, көпшілік оны қарапайым шығармамен шатастырып жатады. Эссе автордың жеке ойын, белгілі бір мәселеге қатысты көзқарасын көрсетеді. Эссе жазу кезінде логика, ойды дәйектеу мен ақпаратты сауатты жеткізу қабілеті жақсы дамиды. Педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесіне эссе жазу талабын қосу осыдан шықса керек.

Эссені сауатты жазудың дағдыларын бүгін Байғанин ауданының ұстаздары меңгерді. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен қолға алынған “Modern teacher-2022” жобасы аясында өткен вебинарда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің педагогика, психология, бастауыш оқыту кафедрасының оқытушысы, тұлғалық өсу бойынша тренер, ментор, подкастер Райбек Телжанұлы эссе, оның құрылымы, жазба жұмысының ерекшеліктері туралы тың ақпараттармен бөлісті.

Вебинарда интеллектуалды карта арқылы тақырыпты ашу, эссені жазуға дейінгі дайындық, жазба жұмысын редакциялау, грамматикалық қателермен жұмыс т.б. көптеген ақпарат қамтылды.