Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.
ШҚО кәсіподақтар орталығының төрағасы Темірбек Қасымжанов Үйлестіру кеңесінің мүшелерін өңірдегі кәсіподақтардың 2021 жылғы жұмысының қорытындысы туралы ақпаратпен таныстырды.
Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы салалық кәсіподақтардың 14 облыстық филиалдарын, 4 аумақтық кәсіподақтар бірлестігін және облыста салалық кәсіподақтар бірлестіктері жоқ 3 мүше ұйымды біріктіреді. Кәсіподақ мүшелерінің саны 1446 бастауыш кәсіподақ ұйымында 133423 адамды құрайды.
Темірбек Қасымжановтың айтуынша, облыста бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы аясында 1562 адамы бар 17 жаңа бастауыш ұйым құрылып, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» республикалық акциясы аясында еңбек ұжымдарында 23 кездесу өткізілді.
Әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселесіне тоқталған Кәсіподақтар орталығының төрағасы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі, облыстық кәсіподақтар және жұмыс берушілер бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылға арналған аймақтық келісімді тілге тиек етті.
«Келісімде облыс кәсіподақтары нақты сектор жұмыскерлерінің жалақысын жыл сайынғы индекстеу, бюджеттік саладағы біліктілігі жоқ жұмыскерлерге кемінде бір жалақы көлемінде сауықтыру жәрдемақысын төлеу, ауылдық жерлердегі бюджеттік сала қызметкерлеріне жоғары жалақы (25%) төлеу және коммуналдық төлемдерді 4-7%-ға арттыру мәселелерін жүйелі шешуге қол жеткізді. Радиациялық қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін және тұратын қызметкерлерге «зардап шегуші куәлігі» бар-жоғына қарамастан, ай сайынғы қосымша ақы төлеуге және жыл сайынғы ақылы қосымша еңбек демалысын беруге мүмкіндік беретін норма бар», – деді Темірбек Қасымжанов.
Кәсіподақтар орталығының бастамасымен өткен жылғы Үшжақты аймақтық комиссия отырыстарында «Шығысмашзауыт» АҚ әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелері, жалақысы төмен жұмысшылар санаттарының жалақысын көтеру, әлеуметтік шиеленістің алдын алу шаралары, сондай-ақ, облыс кәсіпорындарындағы еңбекақы бойынша берешек мәселелері қаралды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 1824,5 млн.теңге көлемінде еңбекақы бойынша берешек өтелсе, 114 кәсіпорындағы 5036 қызметкердің құқығы қорғалды.
Жалпы, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қолдауды өткен жыл ішінде 221 өтінішті қараған Заң клиникасының филиалы жүзеге асырады. Сондай-ақ, Заң клиникасы жанындағы Татуласу орталығында 320 азаматтың өтініші бойынша еңбек даулары қаралып, 153 арыз бойынша медиациялық келісім жасалды.
Кәсіподақтар орталығының мәліметінше, өткен жылы өндірістік жарақаттану деңгейі 2,4%-ға төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.
«2021 жылы облыста 191 жазатайым оқиға орын алып, 204 адам зардап шекті, оның ішінде 23 адам қаза тапты. Жазатайым оқиғаларды талдау көрсеткендей, 191 оқиғаның 55-і ғана кәсіподақтар бар ұйымдармен байланысты. Кәсіподақ жазатайым оқиғалардың себептерін анықтауға және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуге атсалысуда», – деді Темірбек Қасымжанов.
Өткен жылы облыстың әлеуметтік әріптестері Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
Облыста еңбекті қорғау бойынша 1286 өндірістік кеңестер құрылып, оларда 1950 еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор бақылау жүргізеді.
Отырыс барысында Үйлестіру кеңесінің мүшелері кәсіподақ қызметінің бірқатар өзекті мәселелері бойынша сөз сөйледі.
Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде кәсіподақтардың рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
«Қаңтар оқиғасы барлық еңбек ұжымдарында тұрақтылықты сақтау маңызды екенін көрсетті. Бұған кәсіподақтардың қатысуы арқылы ғана қол жеткізуге болады», – дейді Түсіпхан Түсіпбеков.
Аумақтық құрылымдардың жұмысы туралы тиісті баяндамамен «Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің директоры Альмира Дюсупова, «Өскемен су арнасы» КМК кәсіподақ ұйымының төрағасы Ирина Будиловская және басқа да кәсіподақ белсенділері сөз сөйледі.
Әріптестер сауалдарына жауап берген ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті жандандырудың маңыздылығын атап өтті, өйткені еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы табыс соған байланысты.
«Кәсіподақтар федерациясы өз тарапынан республикалық деңгейде әлеуметтік әріптестіктерге еңбек даулары кезінде жұмысшылардың талаптарын қою тәртібін жеңілдету, келісім комиссиясын құру бойынша еңбек заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілікті белгілеу, еңбек даулары туындау қаупі жоғары кәсіпорындарда еңбек консультацияларын өткізу, жалақыны жыл сайынғы индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту және т.б. нақты ұсыныстармен жүгінуде», – деді Мұхтар Тінікеев.
ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары атап өткендей, еңбек жанжалдары мен жұмысшылардың наразылығының негізгі себептерінің бірі – кәсіпорындардағы жалақының төмендігі.
Мұхтар Тінікеев биыл кәсіподақтар «Әлеуметтік әріптестік жылын» өткізіп жатқанын еске салды. Оның айтуынша, Федерация республиканың басым бөлігінде облыс әкімдерінің үшжақты комиссиялардың отырыстарына тікелей қатысуына қол жеткізген. Бұл жұмыс жалғасын табады.
«Еңбек дауларының алдын алуға кәсіподақтармен қатар әлеуметтік әріптестеріміз, яғни әкімдер мен жұмыс берушілер де мүдделі болуы керек. Қаңтар оқиғасы осындай сабақ берді. Жаңа жағдайда тұрақтылықты сақтау жауапкершілігін бәріміз түсінуіміз керек», – деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы