«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: Күн тәртібінде – адам құқығы

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Түркістан облысы мәдениет басқармасының Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесу өтті.

Кездесуге «Түркістан облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары А.Бахтыбаев, ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Б.Пірімбетов, Түркістан облысы мәдениет басқармасының Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының директор орынбасары А.Утегенова, бастауыш кәсіподақ төрайымы Ж.Атабекова және кәсіподақ мүшелері қатысты.

Жиында Б.Пірімбетов қатысушыларға жұмыскерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін жетілдіруде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының маңызы зор екендігін айтып өтті.

“Мұндай кездесулер тәжірибе алмасу мен еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл міндеттердің орындалуы кәсіподақ ұйымының белсенділігі мен әртүрлі деңгейдегі кәсіподақ органдарының жұмыла жұмыс істеуіне байланысты”, – деді салалық кәсіподақ төрағасы. Сөз соңында кездесуге келген қатысушыларға өз ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, кездесуде кәсіподақ мүшелері әлеуметтік әріптестік жылындағы қоғамдық қызмет пен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Кездесу соңы марапаттау миссиясымен жалғасты, онда мәдениет саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар белсенді еңбеккерлер марапатталды. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері аталмыш шаралардың жиі болуына тілек білдірді.