«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», – деп дана Абай айтқандай, қиындығы мен қызығы қатар жүретін ұстаздық жолды таңдаған жас мамандардың бірі – Хромтау ауданы, Бөгетсай мектеп-гимназиясының мұғалімі Қойшыбай Гүлдана Жасқайратқызы.
Биология пәнінің мұғалімі аз ғана уақытта өзінің біліктілігін дәлелдеп, 2020-2021 жылы директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, бүгінгі заман талабы – үштілділік. Жас маман биология пәнінде осы үштілділік принципін ұстанып, әр сабағын ерекше өткізуге тырысады. Өз сабақтарына жаңашыл әдіс-тәсілдерді батыл әрі үйлесімді енгізе алады. Педагогика саласына қадам басқан 7 жылда Гүлдана Жасқайратқызының оқушылары аудандық, облыстық деңгейдегі олимпиадаларға, өзі кәсіби байқауларға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізді.
Аудандық «Үздік биология пәні мұғалімі-2020 » байқауында І орын, облыстық «Үздік биология пәні мұғалімі-2020 » байқауында Бас жүлдені иеленді.
Биология пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық пәндік олимпиадада ІІ дәрежелі диплом және тағы да басқа көптеген білім бәсекелерінде топ жарып, жоғары марапаттарға ие болған.
«Еліміздің ертеңі бүгінгі жастардың қолында, ал жас ұрпақ тағдыры – ұстаздың қолында. Сол себепті мен осы уақытқа дейінгі алған білімімді шәкірттеріме үйретіп, оларды өз алдына жеке тұлға ретінде қалыптастыруды мақсат етемін», – дейді Гүлдана Жасқайратқызы.