20 ақпан – Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше-мемлекеттер жыл сайын 20 ақпанды әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға бағытталған іс-шараларды өткізуге арнайды. Дүниежүзілік әлеуметтік әділеттілік күні әлемде 2009 жылдан бастап атап өтіліп келеді. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, халықаралық дата кедейшілікті жоюға, адамдарды жұмыспен және лайықты еңбекпен қамтамасыз етуге, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарына қол жеткізуге, сондай-ақ барлығына тең әлеуметтік әділеттілікті орнатуға ықпал етуі тиіс.

Әлеуметтік әділеттілік күні қарсаңында елордалық кәсіподақ ұйымдарында да іс-шаралар өткізілуде. Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы “№1 автобус паркі “АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы” ҚБ төрағасы Валерий Исаков кәсіподақ белсенділерімен 2022-2024 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартты пысықтады.

Валерий Исаковтың айтуынша, жаңа қабылданған Ұжымдық шартқа толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, жұмыс беруші жаңа еңбек нормаларын, жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіндегі өзгерістерді енгізген кезде кәсіподаққа кемінде бір ай бұрын жазбаша хабарлауға міндетті. Сондай-ақ, автобус жүргізушілеріне ұзақтығы күнтізбелік үш күн қосымша ақылы жыл сайынғы еңбек демалысын беру, жұмыс уақытының балансында есепке алынатын жақын туыстарының қайтыс болуына байланысты жұмыскерлерге үш күнге және жалақысы сақталмайтын қосымша екі күнге ақы төленетін әлеуметтік демалыс беру, өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша заңнамада белгіленген мерзімде және тәртіппен мерзімді аттестаттауды жүргізу, қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқарған кезде оларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.

Қарттар күніне орай зейнеткерлерге, “Ардагерлер туралы” Заңға жататын адамдарға материалдық көмек ұлғайтылды. Және де Қазақстан Республикасының сауықтыру орталықтарында санаторлық-курорттық сауықтыруға арналған шығыстар жолдама құнының 70%-ы 50 АЕК-тен аспайтын мөлшерде, кемінде бес жыл өтілі болған кезде және одан әрі үш жыл ішінде бір реттен артық емес мөлшерде өтелетін болады. Ал 55 және 60 жылдық мерейтой күндері болған жағдайда, кемінде 5 жыл өтілі болған жағдайда кәсіпорын қызметкеріне 20 АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріледі.

Сонымен қатар, зиянды еңбек жағдайында істейтін мамандықтар тізімі келісілді.

Валерий Исаков 38 жылдан бері кәсіподақ мүшесі. 1995 жылдан бері “№1 автобус паркінде” кондуктор, бақылаушы-ревизор, аға бақылаушы-ревизор, басшы қызметтерін атқарып келді. Ол 2021 жылғы тамыздан бастап “№1 автобус паркі “АҚ жұмыскерлерінің жергілікті кәсіптік одағы” ҚБ төрағасы болып сайланды.

Қазіргі уақытта “№1 автобус паркі” АҚ-да 1559 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 1139 адам кәсіподақ мүшесі болып табылады. Автопарк қызметкерлері жаңа қабылданған Ұжымдық шартқа көңілдері толып, жұмыс беруші мен кәсіподақтың әлеуметтік қолдауына шынайы ниеттерін білдірді.