Бүгінгі кейіпкердің бекзат болмысы, айрықша ұстанымы халыққа етене таныс. Кәсіподақ көшбасшысы, республика көлеміндегі жалғыз өзбек театрының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, өнер ошағының ұйымдастыру менеджері – Сайитов Комилжон Махмуджанұлы.
Комилжон Махмуджонұлы нағыз еңбектің нәтижесін көру мақсатында тынымсыз ізденіс жолында жүреді. Оның жарқын жүзінен қарапайымдылық нышаны қашанда аңғарылып тұрады. Кейіпкеріміз еңбек жолын 1982 жылы Сайрам ауылының «Ғұнча» халық ансамблінде жас маман болып бастаған. Бұл қызметте білімді, білікті кадр ретінде танылған. 2003 жылы «ОҚО әкімдігінің өзбек драма театрының» бас әкімші қызметіне жұмысқа кірісіп, сол уақыттан бері кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді. Арада 2013 жылдан бастап 2021 жылға дейін Шымкент қалалық өзбек драма театрында директор орынбасары қызметін атқарған.
Комилжон Махмуджонұлының көргені мен білгені – ғұмырлық тәжірибесінің жемісі. Ол 2015 жылы облыстық өзбек мәдени орталығының қызметіне белсене қатысқаны үшін ОҚО мәслихатының грамотасымен, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу кезінде белсене қатысып, жауапкершілік көрсетіп, сайлау комиссиясының жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының Алғыс хатымен марапатталды.
Комилжон Махмуджонович 2015 жылы салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының Құрмет белгісіне ие болды. 2016 жылы ҚХА-ның «Бірлік» қоғамдық алтын медалімен, 2017 жылы ҚР Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағынының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» мерекесіне орай «Мәдениет майталманы» медаліне лайық деп табылды. Сондай-ақ, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды.
Айта кетерлігі, Шымкент қалалық өзбек театрының репертуарында 50-ден аса қойылым бар. Бүгінде театрда 53 қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде шығармашылық қызметкерлер саны – 31. Аталмыш өнер ордасы Қазақстанда өмір сүріп жатқан өзбек ұлты өкілдерінің мәдениет ошағы. Мәдениет үйі бүгінгі күні үздіксіз жұмыс жасап келеді.