Атырау облыстық «Кәсіподақтар үйінде» Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйытқы болуымен «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында және биылғы жылдың «Әлеуметтік әріптестік жылы» болып жариялануына орай Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлері кәсіподағы ұйымдастырған басқосуға бастауыш ұйымдардың жетекшілерімен қатар мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары шақырылды. Аймақтағы салалық 59 бастауыш кәсіподақ ұйымында 3,6 мыңға жуық мүше есепте тұрады.
Кеңейтілген кезекті кеңес отырысы ашық та еркін форматта өтті. Емен-жарқын әңгіме барысында Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов қоғамдық өмірдің алдыңғы шебінде жүріп, бұқара мен биліктің арасын жалғастырушы алтын көпірге айналған кәсіподақтың жұмысшы-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігін сақтауда тындырып жатқан тірлігіне, қолға алынып жатқан шараларға жан-жақты тоқталды.
Өз қатарына 668 бастауыш ұйымдағы 85 мыңға жуық мүшесін біріктірген өңірдің салалық кәсіподақтарын толғандыратын жайттар аз емес. Мәдениет, спорт, ақпарат салалары қызметкерлерінің еңбеқақысының төмендігіне, әлеуметтік жағынан қорғалмай отырғандығына, кәсіби маман кадрлардың жетіспейтіндігіне қарамастан аталған сала қызметкерлері халыққа мәдени қызмет көрсету, рухани жағынан байыту, салауатты өмір сүруге бейімдеу, шынайы ақпараттар ұсыну жұмыстарын адал әрі жауапкершілікпен атқарып келеді. Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы биылғы жылдың басындағы «Қасіретті қаңтар» оқиғаларының сабақтарын ескере отырып, аталмыш салада туындаған проблемалық мәселелерді жуық арада Үкіметтің алдына қою мүмкіндіктері қарастырылып жатқандығын жеткізді.
Жиында Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының директоры Мақсот Торпақов, осындағы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Биғамбаев, мәдениет саласы ардагерлер ұйымының төрағасы Қуаныш Кипиев, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің басшысы Сағынтай Көпжасаров, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Архат Мұхамажитов, Жылыой аудандық №4 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Маржан Әлімбаева, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бас маманы Гүлжанат Каленова және басқалар саладағы өзекті өртер өткір проблемаларды шешуге Үкіметтің оң қабақ танытуы керектігін алға тартты.
«Медицина қызметкерлері мен мұғалімдердің жалақылары өсті. Ал мәдениет, спорт саласы қызметкерлерінің жалақылары өте төмен, басым көпшілігі 52000-60000 теңге аралығындағы еңбекақы алады. Бұл қазіргідей қымбатшылық қысқан заманда тіршілік етуге қалай жетеді? Баспанасы жоқ, әлеуметтік мәселелері шешілмеген кітапханашыдан, клубтар мен театрлардың техникалық қызметкерлерінен халыққа сапалы қызмет көрсетуді, спортта жаттықтырушыдан өз шәкірттерінен жақсы нәтижені талап етудің өзі ұят емес пе?», – деді көпшіліктің жанайқайын жеткізген Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Гүлнәр Шайхашева.
Болашақта аталған салаларда қордаланған проблемалар жіті зерделеніп, облыстық үшжақты комиссияның қарауына ұсынылатын болады.