«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Ақтөбе орман шаруашылығы мекемесі ұжымымен ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев онлайн кездесу өткізді.
Шараға Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Алтынбек Әмірғалиев, «Ауыл шауашылығы қызметкерлері кәсіподағы» салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиев, «Ақтөбе орман шаруашылығы» мекемесінің директоры Марат Құспанов және ұжымдағы кәсіподақ мүшелері, сондай-ақ басқа да салалық кәсіподақ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жұмысшылар жалақыны көтеру туралы талап-тілектерін жеткізді. Қазіргі таңда орман мекемесіне өндірістік жұмыстарды толыққанды орындау үшін материалдық база күшейтілуі, техника мен агрегаттар қажет. Ең бастысы – жұмыс күші жетіспейді. Оған айлықтың төмен болуы себепші.
«Ақтөбе орман шаруашылығы» КММ «Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің құрамына кіреді. Орман мекемесіне Қарғалы, Елек және Ленин орманшылықтары қарайды. Мекемеде штаттық кестеге сәйкес 113 адам жұмыс істейді. 2009 жылы мекемеде кәсіподақ ұйымы құрылған. Ұжымдағы еңбеккерлердің 100 пайызы кәсіподаққа мүше. 2020-2023 жылдарға арналған ұжымдық шарт 2020 жылы жасалған. Қазіргі таңда ұжымдық шартқа толықтыру енгізу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мемлекет басшысының 2020 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2021-2025 жылдар аралығында 2 млрд ағаш отырғызу туралы баяндалған. Осыған сәйкес, мекемеде алдағы бес жылда Ақтөбе облысы аумағында мемлекеттік орман қоры жерлеріне 30 мың гектар алқапқа орман отырғызу, елді мекендерге 1 млн астам түп көшет егу жоспарланып, облыс аумағында 60 млн түп ағаш отырғызу туралы Қадамдық жоспар дайындалып, бекітілген.
Жиында сөз алған «Ауыл шауашылығы қызметкерлері кәсіподағы» Салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының төрағасы Тұрақбай Сұлтанғалиевтің айтуынша, өңірде 7 орман шаруашылығы бар. Ал кездесу өтіп жатқан Ақтөбе орман шаруашылығы облыстағы ірі шаруашылықтың бірі.
«Бүгінгі көтеріп отырған басты мәселеміз – орманшылардың жалақысының өте төмендігі. Бүгінгі қымбатшылық заманындағы айлықтары 60 мың теңгенің айналысында. Тракторшылардың жалақысы 48-50 мыңнан аспайды. Даланың ыстық-суығында істелетін ауыр жұмысқа шыдас беру оңай емес. Орманшылар айлығының аз екенін айтып, облыс әкімдігіне, министрліктерге бірнеше рет хат жазған едік. Бірақ шешімін таппады. Жалақының төмен болуына байланысты осы мекемеге жас мамандар тіптен келмейді. Қызметкерлердің көбі – 55-60 жаста. Олар зейнеткерлікке шықса қызметкерлер қатарын қалай толтырамыз? 8 ақпанда Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министріне де осы мәселені айтып хат жаздық. Қызылорда, Атырау, Жамбыл облысындағы орманшылардың жағдайы осындай», – деді Тұрақбай Сұлтанғалиев.
«Ақтөбе орман шаруашылығы» коммунальдық мемлекеттік мекемесінің директоры Марат Құспанов былтыр жазда Ақтөбе облысынан шыққан Мәжіліс депутаттарына жолығып осы мәселені жеткізгенін айтып өтті. Мекеме басшысы биыл жалақы 23 пайызға артқанын, алайда ол жеткіліксіз екенін жұмыскерлердің жағдайы жақсаруы үшін одан да көбейтілуі маңызды екенін атап өтті.
Аталмыш мекеменің орман шебері Амантай Сатыбалдин зейнетке шығуына бірнеше жыл қалғанын, алайда кеткен жағдайда орнына 60 мың теңге жалақы үшін жас мамандар келмейтін айтып қынжылды.
Орманшы Молдағали Орынбасаров бұл мекемеде еңбек еткенінен 10 жылдан астам уақыт өткен.
«Қазір жұмысымыз көбейді. Негізі орман күзетіне жауап береміз. Адам жетіспегендіктен көктемде тал егеміз, сол кезде орманға қарай алмаймыз. Бір айдай сонда боламыз. Орман иесіз қалады. Сол кезде жауапсыз адамдар орман ішіне қоқыс төгіп кетеді. Сосын 10-20 күн соны өз күшімізбен тазартамыз, әрі сол үшін сөгіс естиміз. Мен 350 гектар орман алқабына жауаптымын. Ол аумақты өзімнің жеке көлігімен аралап шығамын. Сол үшін бізге жанармай бөлуін сұраймын», – деді ол.
Орманшы Нұркен Рахметов соңғы 3-4 жылда аудандардағы басқа орман шаруашылықтарының қызметкерлері ауыл тұрғындары ретінде жалақысына қосымша үстеме берілетін жеткізді.
«Алайда біздің Ақтөбе, Шалқар, Темір орман шаруашылығы қалаға, не қалатипті кентке қарайды, орманшылар қалада тұрақты тіркеуге алынған. Олар қалада тұрғанымен жұмысы далада. Ыстық та, шаңның арасында жүреді, күзгі жауын-шашында, қысқы аязда ауыл тұрғыны секілді далада жұмыс істейді. Ұжымдық шартқа осы мәселені қамтитын 7 бап қостық. Бірақ оны мемлекет қолдай ма, бюджетке енгізіле ме? Олай болмай жатса кәсіподақтар бізді қолдаса деген ұсынысым бар», – деді орманшы.
Бұдан кейін сөйлеген Ақтөбе облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Алтынбек Әмірғалиев мекеменің қаражатын арттыруға, еңбеккерлер жалақысын көбейту үшін тағы бір ұсынысы бар екенін жеткізді.
«Осы мекеме ақылы қызмет көрсетеді. Алайда ол қаржы бюджетке түседі. Жұмысшыларға қалмайды. Осы қаржыны мекемеде қалдыру жайын заң аясында қарастырып, Үкіметке ұсынсақ. Сонда оны жалақыға қосымша ала алады. Өз тарапымнен осы мәселені наурызда мәслихат жиынында көтеремін», – деді Алтынбек Әмірғалиев.
ҚР Кәсіподақтар федерциясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев кәсіподақ федерациясы еңбек адамдарының құқығын қорғау үшін ұсынысты министрлікпен талқылап, шешімін табу үшін Үкіметке жеткізуге дайын екендігін жеткізді.
«Кәсіподақ көп жылдан бері жалақыны өсіру мәселесін көтеріп келеді. Мәжілісте депутаттардың осы мәселе бойынша Үкіметке сауалнамаларын да әзірлеуге атсалысты. Біздің ойымызша Үкімет айлықты көтеру мәселесін естіді, құлағдар. Былтыр күзде Президент жалақы 60 мыңнан кем болмау керек деді. Бұл біздің еңбегіміздің арқасы деп санаймын. Қатардағы кәсіподақ мүшелернің ой-пікіріне құлақ түріп, мәселені зерттеген түрлі ғалымдарды тарта отырып, кәсіподақ белсенділерімен бірлесіп осындай еңбек мәселелерін шешу жолдарын қарастырып келеміз», деді ол.
Нұрлан Өтешев жүйелі түрде жұмыстың жалғастырыла беретінін жеткізді.
«Өздеріңіз білесіздер кәсіподақ дүниежүзілік қозғалыс. Кәсіподақпен тікелей жұмыс жасайтын Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясын ратификациялауға атсалысып жатырмыз. Ол конвенцияда ең төменгі жалақы орташа жалақыдан екі есеге жуық кем болмауы тиіс деген норманы қарастырады», – деді төраға орынбасары.
Нұрлан Өтешев жалақыға қатысты жайт салалық кәсіподақ ұйымымен бірлесіп қарастырылып, Үкіметке ұсыныс берілетінін атап өтті. Оның айтуынша, кадрдың жасына қатысты мәселе де күрделі, оны жүйелі түрде шешу қажет.
Нұрлан Өтешев осындай кездесулер арқылы, кәсіподақтың қатардағы мүшелерінің ой-пікіріне құлақ түріп, алаңдататын жайларды біле отырып, еңбек саласындағы мәселелерді жүйеге келтіруге болатын атап өтті.