Лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселесі пысықталды

«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев пен Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «ЯНС» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесіп, еңбек ұжымын толғандыратын мәселелерді саралады.

Мекемеде 18 қызметкер жұмыс жасайды, барлығы – кәсіподақ мүшесі. Мекеме басшысы – Яша Чилингаров.

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткен кездесу барысында төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету жөніндегі мәселелерін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, жергілікті кәсіподақ төрағасы Али Мамедов жиында жұмыскерлер үшін еңбек және әлеуметтік кепілдіктер туралы ережелерді белгілеу тұрғысынан өңірлік салалық келісімдер мен ұжымдық шарттарға мазмұнды талдау жүргізу бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті. Мекемедегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері түсіндіріліп, аталған бағыттағы жұмыстар талданып, ұсыныстар мен ақпаратпен бөлісу пысықталды.

Кездесу соңында еңбеккерлермен пікір алмасып, қойылған сұрақтарына жауаптар берілді.