Еңбектегі әріптестік – заң талабы

Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов қала әкімдігінің «Instagram» парақшасындағы тікелей эфир арқылы 2021 жылы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыстарды баяндады.

Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы қала әкімдігінің 2021 жылғы 18 тамыздағы қаулысына сәйкес, өңірлік әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясының құрамындағы әкімдік тарапынан әлеуметтік әріптес болып табылады.

Өткен жылы өңірлік әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, комиссияның 18 отырысы өтті. Кәсіподақтар бірлестігімен осы отырыстардың күн тәртібіне еңбек даулары, жалақы қарыздары және жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін көздейтін 16 мәселе енгізіліп, оң шешімдерін тапты.

Кәсіподақтар бірлестігі өңірлік үшжақты комиссияда әкімдік және жұмыс берушілер өкілдерімен тең төрағалық етеді.

2021 жылы үшжақты комиссияның 3 көшпелі отырысы өтті, оның ішінде 2-уі бірлестік ғимаратында бірлестік басшысының төрағалығымен, 1-уі бастауыш кәсіподақ ұйымында өткізілді.

Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысының сөзінше, өткен жылы түрлі кәсіпорындар мен ұйымдардан және жеке тұлғалардың 1 157 арыз-шағымы қаралып, тиісті жауап берілген.

Өз кезегінде 100-ден аса арыз-шағым Кәсіподақтар бірлестігіне жолданған. Оның ішінде 74-і еңбекақы бойынша, 27-і заңсыз жұмыстан шығару, 5-і еңбек демалысы мен еңбекке уақытша жарамсыздықтың төленбеуіне қатысты арыздар болып табылады. Арыздардың 36-ы білім саласы, 24-і денсаулық сақтау саласы, ал қалған 46-ы өзге салаларға қатысты.

Осы арыздарды қарау барысында олардың 62-і бойынша медиациялық келісім жасалған, 19 арыз бойынша тараптар өздері келісімге келген, 38 арыз бойынша құқықтық-кеңестер берілді.

Бүгінгі таңда әлеуметтік әріптес тарапынан қала аумағындағы кәсіпорындар мен мекемелердегі жұмысшылардың еңбек құқықтары қырағы бақылауда.