«Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Айдар Бахтыбаев пен Түркістан облысының автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Түркістан облысы Сайрам ауданында орналасқан «Теміртас» ЖШС ұжымына барып, кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді. Аталмыш ұжымда бүгінде 187 еңбеккерлер жұмыс атқарады. Барлығы – кәсіподақ мүшесі. Мекемені Батырбек Зиятаев басқарады.
Кездесу барысында кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары қатысушыларға кездесу бастауыш ұйымдарды қолдау және еңбек ұжымдарымен тікелей кері байланыс орнату мақсатында өткізіліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету мен жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері түсіндірілді.
Жиын соңында еңбеккерлердің көкейінде жүрген сұрақтар тыңдалып, оларға тұшымды жауаптар берілді.