Эссе арқылы педагог өзінің қаншалықты сауатты екенін көрсетеді, ой-өрісінің кеңдігін, ойлау қабілетінің ұшқырлығын дәлелдейді. Жазба жұмысы аттестаттау кезінде бағаланбаса да, ұстаздың білімі мен біліктілігін көрсететін маңызды құрал болып есептеледі.
Эссені сауатты жазудың дағдыларын бүгін Қобда және Ойыл аудандарының мұғалімдері меңгерді. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бастамасымен қолға алынған “Modern teacher-2022” жобасы аясында өткен вебинарда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің педагогика, психология, бастауыш оқыту кафедрасының оқытушысы Сағадат Райбек эссе, оның құрылымы, жазба жұмысының ерекшеліктері туралы тың ақпараттармен бөлісті.
Вебинарда интеллектуалды карта арқылы тақырыпты ашу, эссені жазуға дейінгі дайындық, жазба жұмысын редакциялау, грамматикалық қателермен жұмыс, т.б. көптеген ақпарат қамтылды.