Еліміздің үшінші мегаполисінде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулер жалғасуда

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Р.Ақжігітов «ЗБН ВИЗиТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алкогольсіз сусындар шығаратын зауытта бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерімен кездесті. Бұл кездесудің ерекшелігі кәсіпорын жұмысшыларымен жүздесу өндіріс процесі барысында өтті.

Төраға орынбасары еңбек ұжымымен кездесу барысында кәсіподақ ұйымы төрағасының назарын өндіріс барысында еңбек қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау қажеттілігіне аударды. Сонымен қатар, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттану мен жазатайым оқиғаларға жол бермеу бірінші кезекте болуы керектігін жеткізді.

Еске салсақ, 2020 жылдың 2 тамызында «ЗБН ВИЗиТ» ЖШС-ның өндіріс орнында өрт орын алған болатын. Тілсіз жау кәсіпорынға қарасты алкогольсіз сусындарды сақтауға және өндіруге арналған қоймадан шыққан. Кәсіпорын қоймасы толығымен отқа оранып, шатыры жанған болатын. Жалын өндіріс орнының 650 шаршы метр жерін шарпыған. Оқиға орнына Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің 28 өрт сөндіру техникасы мен 82 қызметкері тартылып, қызыл жалын дер кезінде ауыздықталған. Өрт сөндірушілердің шұғыл әркетінің арқасында кәсіпорынға тиіп тұрған өзге ғимараттар өрттен аман қалып, зардап шеккен азаматтар тіркелмеген.

Еңбек ұжымындағы кәсіподақ ұйымының төрағасы Шерман Тулеповтың сөзінше, бүгінде зауыт қабырғасында 163 азамат жұмыс жасауда. Оның ішінде 143 қызметкер кәсіподақ мүшелігіне кірген. Бүгінде кәсіпорында жұмысшылардың қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында құрамы 6 адамнан тұратын өндірістік кеңес жұмыс жасайды. Техникалық инспекторлардың қатысуымен зауыттағы қауіпті құрылғыларды пайдаланатын жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеру жоспарға сай жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, өндіріс орнындағы жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқама уақтылы өткізіліп тұрады. Осы уақытқа дейін кәсіподақ мүшелерінің арасында еңбек даулары орын алмаған.

Кездесу соңында Ш.Тулепов тілсіз жаудың өндіріс орнына келтірген зардаптары мен шығындары туралы сөз қозғап, зауыт қабырғасын қайта тұрғызу, қалпына келтіру жұмыстарының сәтті аяқталғанын жеткізді. Сондай-ақ, Шымкенттегі тәтті сусын зауыты жазғы науқанға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.