Сатыбалды Дәулеталин: «Жаңа Қазақстанда ең маңыздысы Еңбек адамы болуы тиіс»

Алматы қаласында жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған делегация қаланың кәсіподақ активімен кездесу өткізді. Пандемия кезінен алғаш рет бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесу оффлайн форматта өтіп, кәсіподақтар күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ашық диалог орын алды.

Алматылық әріптестеріне арнаған сөзінде ҚРКФ төрағасы кәсіподақ активінің назарын қасіретті қаңтар оқиғасынан кейін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстанды құру тұжырымдамасын іске асыруға кәсіподақтардың қатысуына аударды.

«Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы жүйелі реформаларды жүзеге асыруда қоғамның бірлігін көздейді. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мүшелері күн сайын алдыңғы қатарда жұмыс істеп, жұмысшыларды толғандыратын сауалдар мен өзекті мәселелермен бетпе-бет келеді. Қоғамдық құндылықтар қайта құрылуда, осы орайда Жаңа Қазақстанда ең маңыздысы Еңбек адамы болуы тиіс деген ұстаным бойынша  кәсіподақтардың рөлі маңызды. Жаңа Қазақстанды құруда кәсіподақтар алдыңғы қатарда болуы керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Екі сағатқа созылған кездесу барысында Алматының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері жекелеген санаттағы азаматтардың еңбекақысын төлеуге қатысты, басшылар мен еңбекшілердің жалақысының теңсіздігі, жалақыны индекстеу, ұжымдық шарттардың ережелерінің іс-әрекеті, наразылық акциялары кезінде кәсіподақ комитетінің іс-әрекет алгоритмдері, жас мамандарға жағдай жасау, еңбектен босатылмаған бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларының еңбекақысын төлеу, энергетика саласында зиянды жағдайда еңбек ету туралы және т.б. толғандыратын сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алды.

ҚРКФ төрағасының кеңесшісі Біржан Нұрымбетов әріптестерімен өз ұсыныстарымен бөлісіп, кәсіподақ қызметінің өзекті бағыттары бойынша түсініктемелер берді. Әлеуметтік қызметкер мәртебесін анықтау туралы сұраққа жауап берген Біржан Нұрымбетов заң жобасын әзірлеуге Федерация тікелей атсалысатынын айтты.

«Әлеуметтік кодексті қабылдау кезінде әлеуметтік қызметкердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері айқындалады. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері еңбек және кәсіподақ заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу бойынша бірнеше ведомствоаралық жұмыс топтарына кіреді. Әріптестеріміздің жер-жерден келіп түсетін барлық ұсыныстарын жүйелеп, әлеуметтік әріптестермен талқылап, Үкіметке ұсыныстар пакетіне енгіземіз», – деді ҚРКФ төрағасының кеңесшісі.

Әңгімелесу барысында Алматы қаласының кәсіподақ активі еңбек ұжымдары мүшелері тарапынан қойылған сауалдар негізінен жалақы мөлшеріне қатысты екенін атап өтті. Сонымен, «Қызмет» салалық кәсіподақ филиалының «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Анафияева ҚРКФ басшылығының қазақстандық жұмыскерлерге лайықты жағдай мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету мақсатында қабылданып жатқан шараларын қолдайтынын баса айтты.

«Сатыбалды Дәулеталин Республикалық үшжақты комиссияның отырысында айтып өткен еңбекақы жүйесін қайта қараудың жаңа заңнамалық тәсілдерін енгізу жөніндегі барлық ұсыныстарды кәсіподақ мүшесі, «бастауыш ұйымның» көшбасшысы ретінде толық қолдаймын. Олар іс жүзінде жүзеге асса, кәсіподақ қозғалысының беделі мызғымас, кәсіподақтардың қызметі барлық еңбек ұжымдарында қолдау табады», – деп сендірді Ләззат Анафияева.

Отырысты қорытындылаған ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтардың қатардағы мүшелеріне лайықты жағдай мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылатынын ерекше атап өтті.

«Қазіргі уақытта Кәсіподақтар федерациясы елімізде лайықты еңбекақыны төлеу және еңбекке лайықты жағдай жасауды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар іс-шараларға бастамашы болуда, ең төменгі жалақыны реттеу тетігін және халықтың кірісін ұлғайтуды ұсынады», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы. – «Кәсіподақ белсенділері барлық өзгерісті өзіңнен бастау керектігін естерінде сақтауы маңызды. «Өзгерісті өзіңнен баста!» деген дәл осындай ұранмен Щучинскіде жастар форумы өтті. Кәсіподақ жетекшілері – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары сіздер әлеуметтік әділеттілікке жету жөніндегі ең басты тұжырымды ұдайы есте сақтауларыңыз қажет», – деп қорытындылады Сатыбалды Телағысұлы.