Ақтөбеде тұрғындарға газ шаруашылығының түбіртегін тарататын жүзден астам контролер жуырда жалақының аздығына наразылық білдірген болатын.
Ақтөбені газбен жабдықтаушы “KazTransGaz” компаниясына биллинг қызметін көрсететін бұл мекеменің жұмысшылары айына 60 мың теңге жалақы алады. Контролерлер жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етті.
Наразылардың сөзінше, әр контролер мың жарым абонентке жауапты. Айтуларынша, әр айдың төртінен бастап бір апта ішінде мың жарым абонентті түгел шолып шығуы тиіс.
Жуырда олар Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігіне жүгініп, бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Бастауыш ұйым құрамына 170-тен астам адам мүше. Олар ҚР Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық және құрылыс саласы жұмысшыларының салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалының құрамына енді.
Ақтөбе филиалының жетекшісі Қуанбай Коктов жұмыс берушілермен кездесіп, жуырда облыстық үшжақты комиссия отырысында олардың талаптарының оң шешімін табуына арналған келіссөздер жүргізуде.