Кәсіподақ активін оқыту жалғасуда

Бүгін, 25 ақпанда Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының кәсіподақ активінің қатысуымен онлайн оқыту семинары өтті.

Семинарды ашқан ҚРКФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ кадрларының кәсіби деңгейін көтеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясының оқыту бағдарламасын жаңа деңгейге көтермекпіз. Осы орайда кәсіподақ белсенділеріне пайдалануға берілетін жаңа бағдарлама қолға алынбақ. Алдағы уақытта аталған бағдарлама бойынша толық таныстырамыз», – деді Нұрлан Сүлейменұлы.

Кезекті сөз алған ҚРКФ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова қатысушыларға бүгінгі оқытуда сәттілік тілеп, жаңа мағлұматтар жұмыс барысында жаңа жетістіктерге жеткізуге ықпал ететініне сенім білдірді.


Оқыту семинарының лекторы, Қызылорда облысы АКБ бас маманы Майра Боранбаева қатысушыларға кәсіподақ қозғалысындағы көшбасшының рөлі туралы айтып берді.


«Кәсіподақ көшбасшысы – барлық кәсіподақ жұмысының тірегі. Әрине, ол – біліктілігі, парасаты, білімі кәсіподақтардың табысты жұмысының кепілі болатын адам», – деп атап өтті спикер.

Майра Қадырбекқызы өз сөзінде кәсіподақ көшбасшысының ең басты дағдылары мен біліктілігіне, қарым-қатынастағы ықпал етудің тиімді тетіктеріне және кәсіподақ қозғалысы көшбасшысының оң имиджін қалыптастыруға тоқталды.

«Кәсіподақ көшбасшысы жұмысының маңызды құрамдас бөлігі – адамдармен тіл табысуы, келіссөздер процесін құра білу. Осыған байланысты кәсіподақ қызметі кәсіби біліктілікті ұдайы жетілдіруге негізделуі керек», – деді Майра Боранбаева.

Тыңдаушылар ұйымдастырушыларға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының білім беру жобаларына қатысу мүмкіндігі үшін алғыстарын білдірді.

Қатысушылар семинардың практикалық маңыздылығын атап өтіп, алған дағдыларын күнделікті жұмысында қолдануға ниеттерін білдірді. Кәсіподақ активі үшін оқыту семинарлары тұрақты түрде өткізілетін болады.

#Әлеуметтікәріптестікжылы#Годсоциальногопартнерства #социальноепартнерство #әлеуметтікәріптестік