Еңбек саласындағы кәсіподақтардың құқықтық мәртебесінде қоғамдық бақылауға маңызды орын беріледі және еңбек құқығы нормаларын іске асырудың барлық бағыттары бойынша жүргізіледі.
Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 155-бабы және 10.3-тармағына сәйкес “Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасы” ММ мен “Нұр-Сұлтан қаласының “Әділет” білім беру қызметкерлерінің кәсіптік одағы” ҚБ арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы Өңірлік келісім кәсіподақтың қоғамдық бақылау құқығын бекітеді.
“Әділет” кәсіподағының негізгі міндеттері – жұмыс берушілердің еңбек заңнамасын және еңбек құқығы нормаларын қамтитын өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Кәсіподақтар туралы заңнаманы сақтауына қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, кәсіподақ мүшелерінің, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының құқықтары мен мүдделерін бұзатын немесе шектейтін жұмыс берушілердің және олардың өкілдерінің және басқа да адамдардың құқыққа қарсы әрекеттерінен, заңдық қорғау болып табылады”, – дейді “Әділет” кәсіподағының төрағасы Батыр Әлиев.
Қоғамдық бақылау жұмысында білім беру мекемелері қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуының алдын алу, Ұжымдық шарт нормаларын іске асыру, кәсіподақ мүшелері болып табылатын қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету қарастырылады. Әсіресе, ең көп таралған бұзушылықтардың қатарында:
– еңбек шартының мазмұны мен шарттарына қатысты талаптарды сақтамау, еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарға қосымша демалыс бермеу;
– еңбек демалыстарын беру тәртібін сақтамау, жұмыс берушінің қызметкерлерді олармен еңбек қатынастарын жалғастыру туралы шешімі туралы алдын ала хабардар ету міндетін орындамау;
– ұжымдық шартта және келісімдерде қызметкерлер үшін белгіленген қосымша кепілдіктерді сақтамау жағдайлары орын алады екен.
Батыр Әлиевтің айтуынша, жоғарыда аталған бұзушылықтармен қатар, көбінесе толық емес жұмыс жағдайында жазбаша түрде еңбек шарттары жасалмайды, лауазымдық нұсқаулықтар әзірленбейді екен.
“Осылайша, «Әділет» кәсіподақ ұйымы жүргізген қоғамдық бақылау кәсіподақ мүшелеріне мынадай нәтижелер береді: жұмыс берушілер жол берген еңбек туралы заңнама бұзушылықтары жойылады, «Әділет» кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелеріне олардың еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға көмектеседі, бұл кәсіподақ мүшелігін ынталандыруға оң әсер етеді, қызметкерлер мен лауазымды адамдардың құқықтық білім деңгейі артады. “Әділет” кәсіподағы қоғамдық бақылауды тұрақты түрде жүргізеді”, -деп атап өтті төраға Батыр Әлиев.