”Спорт жұлдыздары” республикалық журналының 15 жылдығына орай Алматы қаласында “Алатау” қысқы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі мен “Спорт жұлдыздары” республикалық журналы бірлесіп ұйымдастыруымен еліміздің түкпір-түкпірінен келген дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері өзара жарысқа түсті.
Бұл атаулы жарысқа Зайсан ауданының намысын қорғау мақсатында М.Дәуленов атындағы мектеп-интернатының дене шынықтыру пәнінің ұстазы, мектеп-интернаттың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, Желтоқсан оқиғасының куәгері Сәуле Серікбаева барып қайтты. Сәуле Серікбаева ауданға, облысқа танымал спортшы. Спорт саласындағы жетістігі бір төбе, ұрпақ тәрбиесі мен мұғалімдер құқығын қорғаудағы кәсіподақтағы еңбектері жоғары бағаланған қоғам жанашыры.
Турнирдің ашылу салтанатына грек-рим күресінен әлем біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері Демеу Жадыраев, Нұрсұлтан Тұрсынов, Жақанша Қорлан, биатлоннан қазақтан шыққан тұңғыш Азия чемпионы Диас Кенешов және ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, ел брендіне айналған “Алаш прайд” промоушені тұжырымы бойынша жеңіл салмақта белбеу иесі Олжабай Бақдос, республикалық “Ер-намыс” бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядин мен спорт жанашыры Марат Иембергенұлы қатысты.
Қысқы Президенттік көпсайысқа еліміздің 11 облысынан келген жүзге жуық ұстаз өзара сынға түсіп, жеңімпаздар анықталды. 60+ жас аралығындағы қысқы көпсайысқа қатысқан Сәуле жүзден жүйрік шығып 1-ші орын алды. Сәуле Жұмабекқызы медаль және “Алғыс хатпен” марапатталды. “Спорт жұлдыздары” журналы редакциясының шешімімен бірқатар ұстаздар “Спорт ардагері”, “Үздік жас маман” төсбелгілерімен марапатталды.