Кәсіподақ өкілдері Атырау футбол клубының жай-күйімен танысты

Атырау облыстық футбол федерациясы мен Атырау облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұхановтың бастауымен Атырау футбол клубының ғимаратына бір топ билік өкілдері мен халық қалаулылары бас сұқты. Олардың ішінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Нариман Бахытұлы, Атырау облыстық мәслихатының хатшысы Әлібек Ибатоллаұлы, Атырау қалалық мәслихатының хатшысы Қаршыға Елемесұлы, Атырау облыстық Кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жексенбай Қоржынбайұлы болды.

Қонақтар әуелі футбол кешенінің жай-күйімен танысып, мәселелеріне құлақ түріп, облыстағы бұл спорт түрінің бүгіні мен келешегіне назар аударды. Бірнеше ай бұрын «Атырау» футбол клубының бас атқарушы директоры болып тағайындалған Әлішер Апсалямов пен директор Эрнис Есмағамбетов атқарылып жатқан жұмыстарды атап, фонд басшысы Әділбек Исеғалиұлымен бірлесе қызмет жасап келетінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен белді компаниялар қол ұшын созса футбол алаңын жандандырып, ашық стадионның төбесін жауып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балалар футболын жақсарта түсуді мақсат еткендерін де ортаға салды.

Ал, Ізтұрған Ұзақбайұлы өз сөзінде қордаланған дүниелердің ашығын нақтылап айтып, кәсіподақпен бірлесе жұмыс жасауға шақырып, қосалқы ойыншыларды жергілікті спортшылар арасынан тартып, жанкүйерлердің жанайқайына құлақ түру қажетін жеткізді.

Айтылған сын мен алға қойған міндеттерге ықыласты қараған азаматтар жағдайды реттеудің амалы мен шешімдерін ұсынып, белгілі шараларды қолға алатындарын атады. Айта кету керек, Атырау футбол клубы 2009 жылы Қазақстан Кубогінің иегері атанды. Биылғы жыл ел чемпионатын 5 наурыз күні Павлодар қаласына қарсы ойынмен бастап, сынға салмақ.