«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де жалақы көтеру мәселесі қаралды

«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-де компания басшылығы еңбек ұжымымен бас қосты. Кездесуге Химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасы Керім Пірімқұлұлы мен «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қатысты.

Жиын барысында компания басшылығы ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап қызметкерлердің жалақысын арттыру жоспарын ұсынды. Жоспарға сәйкес, жалпы еңбек ақыны 15%-ға арттыру көзделген, ал жеке еңбек көрсеткіштері үшін жалақы мөлшерін 30-64% аралығында арттыру жоспарлануда.

Серіктестік қызметкерлері жоспармен келісетіндігін, тек оларға жалақы төлеу жүйесінің түсініксіз екендігін айтып, компания басшылығынан қолға алатын ақшаны нақты көрсетуді сұрады. Олардың айтуларынша, қазіргі уақытта басшылық құрамның жалақысы еңбек өтілі ауқымды қатардағы қызметкерлердің жалақысынан төмен.

Сонымен қатар, денсаулыққа кері әсері бар жұмыс учаскесінде істейтіндердің жалақысы өзге қызметкерлермен бірдей, осыны ескеріп мөлшерлемені жоғарылату керектігін алға тартты.

Бұдан бөлек, қазіргі қолданыстағы еңбекақы төлеу жүйесі жұмысшының еңбек өтілі және санаты бойынша ерекшеліктерді және басшылық құрамның жауапкершілік деңгейін ескермейді.

Серіктестістегі жергілікті кәсіподақ төрағасы А.Аухин жалақыны көтеру туралы бастаманың өзі қазіргі жағдайдан ілгері жылжуды білдіретіндіктен осы жоспарға қолдау көрсетуді сұрады.

Сонымен қатар, ол жиында жұмысшылар тарапынан айтылған ұсыныстарды қарау үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды. Жұмысшылар кәсіподақ төрағасының бұл ұсынысына оң көзқараспен қарап, қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.