Абыройлы азамат – алпыста

“Қалың қалай, ауыл мұғалімі?” жобасы аясында Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Марат Қоңырбаев бастаған топ Малшыбай селосына барды.

Жезқазған қалалық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ филиалының төрайымы Ляззат Күнедилова бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысымен таныстырып, мектепте педагогтер мен өзге қызметкерлердің еңбегіне барлық жағдай жасалғанын айтты. Күні бүгінге дейін ұжымда дау-дамай мен заңсыздықтарға жол берілмей, қауіпсіздік техникасының қатаң сақталуына бақылау жасалғаны да қуантады. БКҰ төрайымы Гүлзада Шахановаға кәсіподақтың құжаттарын жүргізу бойынша әдістемелік көмек көрсетіліп, нормативтік-құқықтық актілер бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген соң Жезқазған аймағының кәсіподақ көшбасшысы мектеп директорының құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты.

Саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған Жантөре Қарабековті асқаралы 60 жасымен құттықтаған Марат Сейілбекұлы оның еңбектегі жетістіктерінен бөлек жоғары адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті. Атап айтар болсақ, туған жерге туын тіккен Жантөре Егінбайұлы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарайласып, ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Игі істерімен жас мамандар мен жерлестеріне, шәкірттеріне үлгі көрсеткен ұлағатты ұстаздың кеудесіне “Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін” белгісін таққан Төраға кәсіподақтың нәзік жанды белсенділерін де елеусіз қалдырмады. Осылайша, әйелдер күні қарсаңында Айткүл Игенова, Айсұлу Оспанова мен Мархаббат Ниязова Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мерейтой иесіне құрмет көрсеткендердің қатарында Жезқазған қаласы білім бөлімінің басшысы Жеңіс Әлмағанбетов пен қалалық кәсіподақтың төрайымы Ляззат Күнеділова да бар.

Мектеп өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласқан кездесудің соңында №14 Малшыбай негізгі мектебінің ұстаздары мен директоры Жантөре Қарабеков қала орталығынан шалғайда орналасса да кәсіподақтың қолдауын әркез сезінетіндерін алға тартып, көрсетілген әдістемелік көмек пен құрметке ризашылықтарын білдірді.