1 наурызда сейсенбі күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешевтің қатысуымен Ақтөбе облысының салалық кәсіподақтардың аумақтық құрылымдары Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өткізілді.
Жиынды бастаған Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиевтің айтуынша, қазіргі таңда Ақтөбеде 1 178 бастауыш, 15 жергілікті және 10 салалық кәсіподақ ұйымы бар. Жыл қорытындысы бойынша кәсіподақ мүшелері 132 мыңға жеткен.
Ақтөбе облысы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Асхат Көбенов өңірдегі кәсіподақ орталығы жұмысының нәтижесі туралы баяндама жасады.
«Өткен жылы жаңадан 16 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, олардың құрамына барлығы 2 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі кірді. Бұл көрсеткіш салалық кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесі», – деді Асхат Көбенов.
Өңірлік Кәсіподақтар орталығы төрағасы орынбасарының айтуынша, 2020-2025 жылдарға арналған Кәсіподақтар федерациясы қызметінің Стратегиясын басшылыққа ала отырып, ақтөбелік кәсіподақтар әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттыру жолында жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп отыр.
Бас келісімді негізге ала отырып өткен жылы облыста үшжақты келісімге қол қойылған, оны жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның 14 отырысы өткізілді. Оның бесеуі көшпелі түрде Хромтау, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Байғанин аудандарында өткізілді. Себебі ірі кәсіпорындар осы аудандарда орналасқан.
Кәсіподақтар орталығының бастамасымен өңірлік үшжақты комиссияның үш отырысы өткізіліп, онда еңбек дауларының алдын алуға қатысты 5 мәселе қаралған. Нәтижесінде, жұмысшылардың жалақысын 20-40% дейін көтеріп, еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер құрылды.
«Атап айтатын болсақ, үшжақты келісімге ұжымдық шарттың еңбек инспекциясында тіркеуден өтпес бұрын, кәсіподақтар орталығында мониторинг жүргізу және еңбек дауы туындаған жағдайда сотқа дейін келісім комиссиясында қаралу талаптары енгізілген. Нәтижесінде, барлық ұжымдық шарттарға мониторинг жасалып, 157 ұжымдық шарт заңға сәйкестендірілген», – деді Асхат Көбенов.
Облыста барлығы 9 075 ұжымдық шарт жасалды. Кәсіпорындарды қамту қазіргі уақытта 64 пайыз, барлық ірі және орта кәспорындарда жасалды. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмысты Кәсіподақ орталығы шағын кәсіпорындармен жасап жатыр.
Кәсіподақ орталығы облыс аумағындағы кәсіпорындардағы жағдайды күнделікті мониторингілеп отырады. Былтыр Еңбек тәуекелдер картасына 14 мекеме кірсе, қазіргі таңда 4 мекеме бақылауда тұр. 2021 жылы облыста 8 еңбек жанжалы ресми түрде тіркелсе, Кәсіподақ орталығы іс жүзінде 13 еңбек дауын шешуге қатысқан.
«Өткен жылы 84 кәсіпорынды аралап, онда 16 проблемалық сұрақ қаралып, оң шешімін тапты. Кәсіподақтың бар-жоғына қарамастан, біздер барлық ереуіл болған еңбек дауларына қатысып, сұрақтарын шешу нәтижесінде жұмысшылардың бізге сенімдері артып, жаңадан кәсіподақтар құрылған болатын. Еліміз бойынша бірінші болып прокуратура, еңбек инспекциясы және соттармен бірлесіп Алгоритм жасап, оған қол қойған болатынбыз. Алгоритм бойынша, тараптар жедел түрде мәліметтермен алмасып, бір-бірімізді хабардар етеміз», – деді Асхат Көбенов.
Әлеуметтік-еңбек қатынастарының дамуы бойынша тиімді шешімнің бірі ретінде Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары үшжақты меморандумдардың қабылдануын атады. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста 5 455 меморандумға қол қойылған, бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 51%. Нәтижесінде, 100-ге жуық кәсіпорын 50 мыңнан астам жұмысшының жалақысын орта есеппен 15-20%-ға көтерді.
Кәсіподақтардың басты міндетінің бірі – лайықты еңбек жағдайын жасау. Өңірдегі мәліметке сәйкес, былтыр облыста 91 (2020 ж. – 69) жазатайым оқиға тіркеліп, 107 жұмысшы зардап шексе, оның 24 (2020 ж.- 12) қаза болды. Ең көп оқыс оқиғалар тау-кен металлургия өнеркәсібі, мұнай-газ және құрылыс саласының кәсіпорындарында болған.
Өндірістегі жазатайым оқиғаларды төмендету мақсатында, әлеуметтік серіктестермен Жол картасы жасалынып, өндірістік кеңестер құрылды. Өңірде «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасы қабылданып, «Халықтық бақылау» жобасы жүзеге асырылып келеді.
Сонымен қатар Ақтөбе облысының кәсіпорындарында 950 өндірістік кеңес жұмыс істейді, олардың 80 пайызы кәсіподақтардың бастамасымен құрылып, мың жарым техникалық инспектор қоғамдық бақылауды жүзеге асырып келеді. Былтыр техникалық инспекторлар мыңға жуық тексеру жүргізіп, онда 2 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады.
Биыл жылдың басында, әлеуметтік серіктестермен бірлесіп «Кризиске қарсы топ» құрылды, оған әкімдік, прокуратура, салық, экология және құқық қорғау органдарының өкілдері кірді. Бұл топтың мақсаты – кәсіпорын және мекеме жұмысшыларының түйткілді мәселелерін жедел түрде бірлесіп шешу.
Ақтөбе облысының Кәсіподақ орталығы кәсіподақтың қатарадағы мүшелерінің өзекті мәселелерін шешуге қатысты жұмысты ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында жалғастырады. Сондай-ақ кәсіпорындардың жұмысшыларының талаптарына жедел іс-қимыл арқылы жауап беру көзделген. Жұмысшылардың мәселелерін жедел шешу үшін Кәсіподақ орталығы 109 нөмірі бойынша «RD Жәрдем» жүйесіне қосылған.
Биыл қаңтар айында Кәсіподақ орталығының шұғыл қимылының арқасында «Жаңажол» кен орнында 3 мыңға жуық жұмысшының ереуілі тоқтатылды.
«Осы жылдың ақпан айында Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданына қарасты Темірмост елді мекені аумағында мұнай өнімдерін өңдейтін «Ramco Refinery» серіктестігінің 80-нен астам жұмысшысы жалақысының төмендігін, тамақ сапасының нашарлығын, жатақханаларының дұрыс жабдықталмағанын айтып Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығына шағымданды. Аталмыш мекемеде кәсіподақ құрылмағанына қарамастан, біздер Мұғалжар ауданына барып, наразы жұмысшыларымен кездесіп, осы сұрақтарын оңтайлы шешіп бердік. Қазіргі таңда олардың жалақысы толығымен төленіп, 1 наурыздан бастап 30%-ға өсті», – деді төрағаның орынбасары.
Кәсіподақ орталығына «Ақтөбе орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің жұмысшылары жалақысының төмендігін айтып шағымданды.
«Біз жедел түрде ауылшаруашылық салалық кәсіподағының төрағасымен бірге жұмысшылармен кездесіп, мәселені бірлесе шешуге шақырдық. Нәтижесінде, жұмыс тоқтатылмай, ұжымдық шартқа қосымша төлемдер енгізу бойынша жұмыс жасалып жатыр», – деді Кәсіподақ орталығы төрағасының орынбасары.
Асхат Ибудуллаұлының айтуынша, қазіргі уақытта Кәсіподақ орталығы QazServiceGroup мекемесінің жұмысшылары жалақысын 100 пайызға көбейтуді талап еткен жағдайды реттеуге атсалысып жатыр.
Аталмыш компанияда кәсіподақ жоқтығына қарамастан Кәсіподақ орталығы еңбек дауына араласып, еңбеккерлер қойған талаптарды заңды түрде шешуге көмек беріп жатыр. Кәсіподақ орталығының төрағасының айтуынша, қазіргі таңда компания жұмысшылары өз кәсіподақ ұйымыныің құрып, оған 170-тен астам жұмысшы мүше болуға ниет білдірген.
Бұдан кейін сөз алған Құрылыс комплексі және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақтөбе облысындағы филиалының төрағасы Қуанбай Коктов өңірдегі еңбеккерлердің дені кәсіподаққа бірлесудің пайдалы екенін көбірек түсіне бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, жыл басынан бері салаларда 450 ақтөбелік жұмысшы кәсіподақтың жаңа мүшесіне айналған.
Ал, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның кәсіподақ төрағасы Жанжарық Күзембаев Кәсіподақ орталығымен бірлесіп мұнайшылардың мүддесін қорғағанын айтып берді.
«Былтыр жылдың соңында өңірдің мұнайшылары жалақыны көтеру туралы талаппен шықты. Әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып біз барлық өткір мәселелерді шештік. Келіссөздер нәтижесінде жұмыс беруші кен орнындағы жұмысшылардың айлық жалақысын 25 пайызға көтерді», – деді «СНПС-Ақтөбемұнайгаздың» кәсіподақ белсендісі. Оның айтуынша, әр еңбекшінің айлық әлеуметтік топтамасы 50 430 теңге.
Батыс Қазақстан аймағының «Халықаралық құқық қорғау орталығының» басшысы, кәсіби медиатор Арман Жылгелді Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығы Келісім орталығының жұмысын таныстырып өтті. Оның айтуынша, екі жарым айдың ішінде 80-нен астам шағым қаралған, олардың басым бөлігі сотқа дейінгі тәртіпте қаралып, шешім тапқан.
«Кәсіподақ жетекшілері табиғатынан медиатор болуы тиіс, өйткені кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін келісім комиссияларын құру және еңбек даулары туындағанда медиация үдерістерін жүргізу мәселелері бойынша біз тұрақты оқытып отырамыз», – деді медиатор.
ҚР Кәсіподақ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ақтөбелік әріптестерін еңбеккерлер құқығы мен мүддесін қорғау қызметіндегі жетістіктері үшін алғыс айта отырып, кәсіподақ ұйымдары жергілікті жерлерде әлеуметтік серіктестермен оңтайлы қатынасты жолға қоюда үлкен роль атқаратынын атап өтті.
«Қазақстандық еңбеккерлердің жалақысын арттыру мәселесіне қатысты әлеуметтік серіктестермен бірлескен қызмет нәтижесінде ел Президенті биыл қаңтар айынан бастап төменгі жалақы көлемін 60 000 теңгеге дейін өсіру туралы шешім қабылдады. Әрине біз осы мәселеге бұрынғыша ерекше мән береміз және Үкіметтегі әлеуметтік серіктестерімізбен жұмысты жалғастырамыз», – деді Нұрлан Өтешев.
Кәсіподақ төрағасының орынбасары кәсіпорындар жұмысшыларын сауықтыру мәселесі туралы айта келе, кәсіподақ ұйымының сауықтыру орны – Жамбыл облысындағы «Меркі» шипажайында қолға алынған жаңа жоба туралы атап өтті. Жобаның ерекшелігі кез келген кәсіподақ мүшесі порталға тіркеліп Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен медициналық оңалту бағдарламасы бойынша сауықтыру ем-шарасын қабылдай алады. Нұрлан Өтешевтің айтуынша, «Меркі» шипажайының тәжірибесі кәсіподақ ұйымының басқа да сауықтыру мекемелеріне таратылады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясы медиаорталығы