Қызылордада аңыз адам Подольский Марк Захаровичтің 90 жас мерейтойы өтті. “Мерейтойлық педкеңеске” жиналған ардагер ұстаздар мен ұлы ұстаздың шәкірттері мен ізбасарларының ыстық ықыластары мерейтой иесі атына айтылған құрмет лебіздерімен қоса жиын өткен мәдениет үйінде соғылған толассыз ұзақ қошеметпен ерекшеленді.
«Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «КСРО Ағарту ісінің үздігі», “Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері”, “Қызылорда қаласының құрметті азаматы” атақтарын алған Марк Подольский барша еңбек жолын ұстаздыққа арнаған. Ол балалар үйінде тәрбиеші болып жұмыс жасап, Қызылорда қаласындағы Макаренко атындағы №120 орта мектепте мұғалім, әрі қарай директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, №3 орта мектепте тәрбие жұмысын ұйымдастырушы болып жұмыс істеген. 1978 жылдан бастап 2002 жылға дейін ұзақ жылдар бойы №198 орта мектептің директоры қызметін атқарған.
Жұмыс жасаған жылдары ұстаз экономиканың барлық салаларында еңбек етіп жүрген көптеген білімді шәкірттерді тәрбиеледі. Марк Подольскийді елде ғұмырын білім саласына арнаған зиялы тұлға, білімі терең білікті басшы және талантты ұйымдастырушы, нағыз көшбасшы деп таниды. Білім ордасына басшылық еткен жылдары оның басшылығымен түрлі заманауи жаңашыл жобалар жүзеге асырылып, мектепте тігін ісі бойынша шағын цех, бәліш цехы, кәдесый жасау цехы, шеберханалар жабдықталды. Сонымен қатар, ұлы ұстаз басқарған №198 орта мектеп сол уақытта республикадағы алғашқы миллионер оқу ордасының бірі атанды.
Құрметке бөленген аңыз ұстаз өнегелі белсенділігін 90 жастық мерейтойы барысында да танытып, өз өмір жолынан түйіндеген әдемі естелік әңгімелер легін келесі мерейтойда жалғастыруға уәде берді.