Қызылордада «Қуат Амлон Мұнай» серіктестігінің вахталық жұмыскерлерінде жалақы елу пайызға көтерілді. 2021 жылдан басталған ұжымдық еңбек дауында олар жұмыс берушіден жалақыны елу пайызға көтеруді талап еткен болатын. Бұған дейін ортақ келісімге келмеген тараптардың ұжымдық еңбек дауы еңбек төрелігінде қаралып, отыз бес пайызға жалақыны көтеру туралы шешім шыққан болатын, дегенмен, бұл шешімді жұмыс беруші орындаудан бас тартқан.
Мұнай компаниясының вахталық жұмыскерлері компанияның әкімшілік кеңсесі алдында жұмыс берушіге наразылықтарын білдірді. Еңбек шиеленісі қалыптасқан ортада аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, төраға орынбасары Марат Бәйімбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы басшысы Төреахмет Жолымбетов тараптардың келіссөздер жүргізу барыстарына қатысты.
Облыс әкімдігінде шұғыл өткізілген еңбек шиеленісін шешу бойынша комиссия отырысында облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова еңбек ахуалын тұрақтандыру бойынша компания басшылығына ұсынымдар жасап, тараптарды келісімге келуге шақырды.
Еңбек дауы тараптарының келіссөздер алаңында қызу талқылаулары жалғастырылып, жақын уақытта тараптар ортақ келісімге келді. Жұмыс беруші 2022 жылдың 1 наурызынан бастап жалақысы төмен 192 вахталық жұмыскерлерге жалақыны елу пайызға, орташа жалақылы жұмыскерлерге қырық пайызға, кеңсе қызметкерлері мен инженерлік құрамға тиісінше он алты мен қырық пайыз аралығында жалақыны көтеру туралы шешім қабылдады. Наразылық білдіруші жұмыскерлер осы шешіммен келісіп, жұмыстарына кірісті.