«Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ-ның Ақтоғай аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Ермеков атындағы жалпы білім беретін орта мектептің БКҰ ұйымдастыруымен «Қарлы қыс – 2022» жарысы өтті.
Шаңғымен жүгіру жарысына педагогтер мен өзге де қызметкерлер сапынан 25 адам қатысуға ниет танытты. Бес командаға бөлініп, бақ сынасқан шаңғышылар берілген қашықтықты бірінші болып еңсеруге барын салды.
Әріптестерінің зор қолдауына ие болған сайыс қатысушыларының ішінен мәре сызығына алғаш жеткен «Эстетикалық пән бірлестігі» командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. «Бастауыш пән бірлестігі» командасы күмістен алқа тағынса, «Гуманитарлық пән бірлестігі» командасының шаңғышылары қола жүлдегер атанды.
Жеңімпаздарға лайықты құрмет пен марапат көрсеткен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қатысушыларды да елеусіз қалдырмай, естелік сыйлықтар тапсырды.