Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет танытып, жетімі мен жесірін жылатпаған халқымыздың кең пейілдігін жас ұрпаққа үлгі етіп, жылы сөзге зәру қарияларға қуаныш сыйлау мақсатында Алғыс айту күніне орай №30 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанар Жиенбаева “Жан жылуы” акциясы шеңберінде жоғары сынып оқушыларынан құралған еріктілер тобын ертіп, Жәйрем кентіндегі жалғызбасты қариялардың амандығын сұрай барды.
Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының желілік кестесіне сәйкес ұйымдастырылған қайырымдылық акциясы шеңберінде қолдауды сезінген қарттардың ризашылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Жылулыққа шөліркеп, қамқорлықтан тарылған үлкендер есігін қаға келген жастарға ризашылықтарын білдірді.
Акцияға қатысуға ниет танытқан ұл-қыздар шын мұқтаждың алғысын алғаннан артық разылық жоғын ұғынды.
PS: Жарты ғасырлық тарихы бар Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы және оның филиалдары сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болуды дәстүрге айналдырғалы қашан?! Біреу мұны асып-тасығандыққа балар… Дегенмен, кәсіподақ ұйымы мұқтажға қарайласып, қайырымдылық жасауды ардың ісі санайды!