Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында кәсіподақ қолдауымен «Жас маман-2022» байқауы өтті.
Болаттай берік жас маман ертеңгі жарқын болашақтың нық кепілі. Сәулелі болашақтың тұтқасын ұстаған жас мамандар Мұғалжар ауданы №3 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебінде де жетерлік. Бірлігі жарасқан білім ордасында қызмет етіп жатқан жас мамандар өз ісіне жауапты,ізденімпаз.
Үйренері де, үйретері де көп ұстаздық жолда ерінбей еңбек етіп, талмай ізденген жастар мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен «Жас маман – 2022» байқауында сынға түсті. Байқау шарты да оңай болмады. Екі бөлімнен тұратын байқаудың алғашқы бөлімінде «Жарқын елдің шамшырағы – жас маман» эссе, «Үздік ашық сабақ», сыныптан тыс сабақ, тест тапсырмалары сияқты ұстаздық қызметтегі ең жауапты сайыстар болса, сайыстың екінші бөлімінде көпшілік алдында өзін – өзі таныстыру, өз өнері сияқты шығармашылық жұмыстар берілді. Қаншама ізденіс пен уақытты қажет еткен сайыс өз мәресіне де жетті. Сайыстың алғашқы бөлімінің барлық шарттары сараланып, екінші бөлімге келгенде байқауға қатысушылар кең қанатын жайды. Олай дейтінім, түрлі пәннен беретін болса да, қатысушылар нақышына келтіре ән айтты, мәнерлеп өлең оқыды, қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Сайыс соңында І орынды Н.Бұхарбаева, ІІ орынды Ж.Имағамбетова иеленіп, жүлделі ІІІ орынды Д.Жұманова мен Р.Болтаева бөлісті. Қалған жас мамандар әртүрлі номинацияға ие болды. Барлық қатысушыға кәсіподақ ұйымының, мектеп әкімшілігінің атынан алғыс хаттар табысталды.