Өзекті мәселелер қамтылған жиын өтті

Шымкент қаласында «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Комиссияның жұмысына Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, комиссия төрағасының орынбасары Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясының өкілі Альберт Толщин, Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов, басқарма басшылары, орынбасарлары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, салалық кәсіподақ филиалдарының төрағалары, жұмыс берушілер мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде жалақы көтеру бағытында атқарылған жұмыстар, кәсіпорындарда қордаланған жалақы қарыздары, шағын бизнес субъектілеріне түскен шағымдар, еңбек қауіпсіздігінің ағымдағы жағдайы және ағымдағы жылы орын алған өндірістік жазатайым оқиғалар, мәдениет саласының еңбек ұжымдарындағы ахуал мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановтың сөзінше, қалада әлеуметтік төлемдер жүргізетін 236,7 мың жұмыскерлердің 62,0 мың адамы 60 мың теңгеге дейін жалақы алады. Ал 64,3% қызметкерлерлер орташа жалақыдан төмен (157 мың теңге) жалақыға жұмыс істейді.

Ағымдағы жылы 600-ден аса кәсіпкерлік субъектілері мен ұйымдарға арнайы ұсыныстар жолданып, қала бойынша 71 кәсіпорында жалақы 5-61% аралығында көтерілген және 12 кәсіпорын 2022 жылы ішінде көтеруді жоспарлады. Ал, 2021 жылы 44 кәсіпорын ғана жалақыны көтерген. 2022 жылдың қаңтарынан бастап 71 кәсіпорында жұмыскерлердің жалақысы 5-61% артқан.

Басқарма басшысы сөзін қорытындылай келе, еңбек қатынастары саласын жақсартуда еңбек етуші халықтың төмен табыстарын көтеру, толық емес жалақы тағайындау немесе бейресми айлық төлеуді төмендету бағыттарында жұмыс жасалатындығын жеткізді.

Комиссия төрағасының орынбасары Мақсұт Исахов жұмыс берушілермен жалақыны көтеру бойынша шара қабылдау керектігін, осы бағытта әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Келесі мәселе бойынша жұмысшылар арасында жалақы қарызы бар мекеме басшылары тыңдалып, қарызды өтеу бойынша тиісті нұсқамалар берілді.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – шағын бизнес субъектілеріне түскен шағымдар бойынша комиссия тарапынан тексеру тағайындау туралы бірауыздан шешім қабылданды.

Келесі мәселе бойынша бойынша еңбек инспекциясы басқармасының басшысы баяндама жасап, өндірістік жарақаттану деңгейі төмендеу динамикасында екендігін, 2021 жылы 37,4%-ға, 2022 жылы былтырғы жылдың осы кезеңіне қарағанда 20%-ға төмендегенін айтып өтті. Алайда жыл басынан өндірісте 2 өлім тіркелген. Айта кетерлігі, бұл мекемелерде кәсіподақ ұйымы жоқ. Салалар бөлінісінде жазатайым оқиғалар құрылыс, сауда және өңдеу өнеркәсібінде жиі орын алған. Құрылыс саласында жыл басынан 2 жұмыскер өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан қайтыс болған. Осы мекемелердің өкілдері тыңдалып, оларға комиссия тарапынан алдағы уақытта техника қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғалардың алдын алу шараларын қолдану жөнінде нұсқама берілді.

Жиналыстың күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Д.Бақов баяндады.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев сөз алып, аталған басқармаға қарасты «Көрме орталығы» МКҚК кәсіподақ мүшелерінен басқарма басшысына қатысты арыз түскендігін айтып өтті.

Осыдан кейін сөз алған Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Руслан Шерімов ағымдағы жылдың 10 қаңтарында «Қаңтар оқиғалары» кезінде ғимараты жарамсыз күйге түскен «Көрме орталығы» МКҚК-ғы кәсіподақ мүшелерінен ұжымдық арыз түскенін айтты.

Мекеме қызметкерлері өз арыздарында Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының әрекетіне шағымданған. Филиал төрағасы бұл жөнінде Аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне жазбаша хабарлап, бірлестік өз кезегінде осы мәселені үшжақты комиссияда қарау туралы мемлекеттік еңбек инспекциясына ұсыныс енгізген.

Комиссия төрағасының орынбасары М.Исахов мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына арыздағы мән-жайларды толық зерделеп, заңнамамен көзделген мерзімде хабарлауды тапсырды.