Шуақты 8 наурыз мерекесіне орай Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова түрлі салада еңбек етіп, қоғам дамуына қызмет жасап жүрген отбасы берекелері – әйелдер қауымымен кездесті.
Мейірімді басқосуға шақырылған Сыр бойының белсенді, еңбегі ерекше аналар мен еңбек адамдары қатарында “Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз” компаниясы кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақытжан Мұқашева да бар.
Кездесуде өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова әйел-аналарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, зор ілтипатын білдірді.
– Бүгін аяулы аналарға шынайы алғысымызды білдірсек деген ниетпен жиналып отырмыз. Біздің аналарымыз, аруларымыз тек отбасының ұйытқысы ғана емес, олар – бүкіл қоғамды алға сүйреп, ел ынтымағын нығайтып, несібесін молайтып жүрген қуатты күш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жарияды. Бала тәрбиесіне қашанда ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға ұшыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген. Барлық уақытта халқымыз өзіне ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жер, Тілді – Ана атымен байланыстырған. Өйткені, тіршіліктің нәрі де, мәні де – Ана.
Сіздер әрқашан ибалық мен ізеттің, парасат пен пайымның, мейірімділік пен ізгіліктің бастауы болып келесіздер. Бүгінгі күні билік пен мемлекеттік қызметте, республикалық деңгейдегі басқарушы органдарда әйелдер үлесінің артуы – Сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен іскерліктеріңіздің дәлелі. Төл мерекеміз тағы да құтты болсын!, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мерекелік басқосуда аналарға арналып ақжарма тілектер айтылып, жергілікті өнерпаздар аналарға құрметін әсерлі әнмен жеткізді.
Қоғамдағы ерекше еңбегі еленіп, мерекелік үлкен шараға қатысқан кәсіподақ көшбасшысын әріптестері де құттықтап, ыстық ықыластарын білдіріп жатты. “Ерге бергісіз еңбек, аналық мейірім, қоғамға жақсы тілек. Осылардың иесі – Құрметті әріптес, күрескер кәсіподақ Бақыт Мұқашеваны құттықтаймыз!” делінген кәсіподақ мүшелері құттықтауында.