«Қалың қалай бастауыш ұйым?» акциясы аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Петропавл қаласындағы «Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT лицейі» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының еңбек ұжымымен кездесті.
Жиынды ашып, сөз сөйлеген Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен өткізілген акцияны жүргізу өзекті мәселелерді анықтап, шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің атап өтуінше, бетпе-бет диалог еңбек ұжымдарының байланысын нығайтып, іске жұмылу және әділеттілік, бірлік тұжырымын дамыту бойынша кәсіподақтардың ұстанымын ілгерлетуге және еліміздегі жалпы еңбек қатынастарын белсенді қатысуға септігін тигізеді.
Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT лицейі – мол тәжірибесі бар, Еңбек адамын қалыптастыруға, жүйелі білім беруге творчествомен келетін мекеме. Қалыптасқан ұстаным әлеуметтік әріптестер – әкімшілік пен кәсіподақ комитетінің бірлескен жемісті жұмысына септігін тигізеді», – деді Ерік Нұрақаев.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын Надежда Вишнякова таныстырды. Оның айтуынша, ұйымда жұмыс істейтіндердің 73 пайызы кәсіподақ мүшесі, мекеме басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымы арасында 2021-2024 жылдарға арналған ұжымдық шарт жасалған. Құжатта көптеген қосымша жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер көрсетілген. Кәсіподақ мүшесіне демалысқа қосымша 2 күн қосылады, кәсіподақ комитеті төрағасына 5 күн, жалғызбасты аналар үшін 1 күнтізбелік күн беріледі. Әлеуметтік тұрғыдан аз қорғалған санаттағы еңбеккерге – бұрынғы қызметкер-зейнеткерге, көпбалалы отбасыға, мүгедек қызметкерге көмек көрсету туралы атап өтілген. Сонымен қатар, мерейтой иелеріне құрмет көрсетуге, үйленгендерге, бұқаралық мәдени іс-шара өткізуге және тағы басқаларға материалдық көмек көрсетеді.
Бірінші қалалық жалпы білім беретін IT лицейінің директоры Оксана Новикова кадрларды сақтау және лицей қызметкерлеріне жағдай жасау жөніндегі мәселелер бойынша әкімшіліктің кәсіподақпен ынтымақтастығына тоқтала кетті.
Жұмыс орнында қауіпсіз еңбекке жағдай жасауды қамтамасыз ету мәселелері бойынша еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор Дмитрий Тонконогов баяндап берді.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Солтүстік Қазақстан облысындағы ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Аюпов салалық облыстық кәсіподақтың бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен өзара қарым-қатынасының негізгі тұстарына тоқтала кетті.
Жиында Мағжан Жұмабаев атындағы аудандағы кәсіподақ комитетінің төрағасы Ғалия Аманжолова мен Есіл ауданы кәсіподақ комитетінің төрағасы Надежда Пащенко сөз сөйледі. Олар өздері жетекшілік ететін кәсіподақ ұйымдарының кәсіподақ мүшелерінің әл-ауқатын жақсарту үшін жасаған жұмыс тәжіибелерімен бөлісті. Бұл коммуналдық қызмет ақсынн төлеу, тегін медициналық тексерілу, сауықтыру және тағы басқалалары. Кездесу барысында кәсіподақ мүшелері қызу пікір алмасты.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ төрағасы Айгүл Мұқашева еңбеккерлердің мүддесін ілгерілету және білім саласы қызметкерлерінің еңбекке ақы төлеу жүйесін заңнама бойынша жетілдіру бойынша жасалған іс-шаралар туралы айтып өтті.
Онда облыстағы салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының еңбек дауларының алддын алу, реттеу, келісім комиссияларының мүшелерін оқытып, дайындау, кәсіподақ мүшелерінің өтініштерін қараудағы жемісті жұмысы атап өтілді.
Жиынды қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Кәсіподақтар федерациясының қызметіне тоқтала кетті.
Ол кездесуде көтерілген еңбекке ақы төлеуге қатысты мәселелер федерация үшін өзекті екендігіне және Мәжілісте, Әлеуметтік әріптестік жөніндегі республикалық үшжақты комиссиялар отырыстарында, Еңбек министрлігінің жұмысшы топтарында талқыланып жатқан тақырып екенін атап өтті.
Мұхтар Тінікеев әлеуметтік әріптестікті дамыту саласындағы маңызды нәтижелерді еске салды.
«Былтыр наурыз айында ҚР Үкіметі және жұмыскерлер мен жұмысберушілер бірлестігімен арада Бас келісімге қол қойылды. Келісім жобасын тұңғыш рет үш республикалық кәсіподақтар бірлестігі бірлесіп әзірледі. Бұл маңызды құжатқа біз еңбек ұжымдарының ұсыныстарын, сондай-ақ 2020-2025 жылдарға арналған ҚР Кәсіподақтар федерациясы қызметінің стратегиясындағы көрсетілген міндеттерді енгіздік», – деді Мұхтар Тінікеев.
ҚР КФ төрағасының бірінші орынбасары Кәсіподақтар федерациясының азаматтардың әлеуметтік деңгейін көтеру жөніндегі бастамалары мен кәсіподақтар күнтәртібінде тұрған басқа да өзекті мәселелерге назар аударды.
«Кәсіподақтар ұдайы ең төменгі жалақыны өсіруді талап етіп келеді. Дүниежүзілік еңбек ұйымы бекіткен Кейтц индексі бар. Бұл индекс бойынша ең төменгі жалақы көлемі орташа жалақының 50 пайызынан кем болмауы тиіс. Біз ең төменгі жалақыны есептеу тетігін енгізу қажеттілігін айтып келеміз», – деді ҚР КФ төрағасының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, еңбек дауларының басты себебі жалақының мардымсыз болуында.
«Былтыр елімізде 74 еңбек жанжалы болды. Соның ішінде 31 кәсіпорында кәсіподақ ұйымдары бар еді. Соған қарамастан кәсіподақ осы даулардың келіссөздерінің барлығына атсалысты», – деді Мұхтар Тінікеев.
Оның айтуынша, федерация еліміздің көптеген өңірлерінде облыс әкімдерінің тікелей қатысуымен үшжақты комиссиялар отырыстарын өткізуге қол жеткізді.
«Әкімдер мен жұмысберушілер – біздің әлеуметтік әріптестеріміз, олар кәсіподақтармен бірге еңбек жанжалдарына жол берілмеуіне мүдделі болуы тиіс. Қаңтар оқиғасы осындай сабақ берді. Біз қазіргі ахуалда тұрақтылықты сақтаудың жауапкершілігін түсінуіміз керек», – деді ҚР КФ төрағасының бірінші орынбасары.
Мұхтар Тінікеев ереуіл өткізу құқығын кәсіподақтарға беру, келісім комиссиясын құруда еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жұмысберушіге әкімшілік жауапкершілік белгілеу жөніндегі бастамаларды атап өтті.
Оның айтуынша, ұсыныстар тізбесіне көптеген ұсыныстар енгізілген. Салалық келісімдерге талдау жүргізу, соның ішінде төменгі тарифтік мөлшерлеме белгілеу ережесінің болуы, санаттар коэффиценттері, қауіпті және зиянды жағдайда еңбек ететін, ауыр жұмыс істейтін жұмыскерге ақы төлеудің бірыңғай тәртібін белгілеу қарастырылған.
Кәсіподақ мүшесінің артықшылығы туралы айта келе ол, бірқатар ұжымдық шарттарды монетизациялау бекітілген әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер кәсіподаққа мүше жұмыскерге арналған ауқымды материалдық артықшылықтар беретінін көрсеткенін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған СҚО Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев кездесуге қатысқандарға алғыс айтып, Әлеуметтік әріптестік жылы деп жарияланған биылғы жылда жұмыскердің әл-ауқатын жақсарту бойынша кәсіподақтар өздеріне жүктелген міндеттерді ары қарай сәтті іске асыра беруін тіледі.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы