Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен кезекті онлайн оқыту семинары өткізілді. Оған Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Алматы облыстарының кәсіподақ активтері қатысты.
Онлайн кездесуді Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев ашып, кәсіподақ жұмысын одан әрі жетілдіру, еңбек адамының мүддесі мен беделін жан-жақты қорғау, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауатты жоғары болуының маңызды екендігіне тоқталып, осы орайда кәсіподақ мүшелеріне белсенді өзара қарым-қатынасты дамытуға шақырды.
Сондай-ақ, ол кәсіподақ тарапынан пилоттық режимде шипажайларға жолдама беру арқылы медициналық-оңалту жобасы қолға алынғанын атап өтті. Бұл жобаның Жамбыл облысының Меркі ауданында орналасқан «Мерке Радон» шипажайында басталғандығын айтқан ҚР КФ төрағасының орынбасары оның үш маңызды ерекшілігіне тоқталды.
Нақтырақ айтсақ, демалыс және сауықтыру орталығына жолдамаға қол жеткізу үшін жергілікті емханаға жүгіну жеткілікті. Ем-дом алу ақысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қорынан төленеді және шипажайда 300-ден астам сырқаттан емделуге болады.
Сауықтыру орталығына жолдау жобасы жыл сайынғы еңбек демалысында ғана емес, сондай-ақ жұмыс барысында уақытша еңбекке жарамсыз кезеңінде де қол жеткізуге болады.
Семинардың оқыту бөлімінде «Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы» АКБ құқықтық мәселелер жөніндегі бас маманы Майра Боранбаева қатысушыларға кәсіподақ қозғалысындағы көшбасшының рөлі тақырыбында жалғастырды. Ол кәсіподақ көшбасшысына қойылатын талаптарды атап өтті. Оның ішінде жетекшінің өзін-өзі салмақты ұстауы, стреске төзімділігі, ең басты дағдысы мен біліктілігі, қарым-қатынастағы ықпал етудің тиімді тетіктері және кәсіподақ қозғалысы көшбасшысының оң имиджін қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
«Кәсіподақ қозғалысының ерекшелігіне байланысты кәсіподақ көшбасшыларының жұмысы жұмыскерлердің өзекті мәселелерімен үнемі араласып отыру. Еңбеккерлердің еңбек жағдайының сапасы көшбасшылар біліктілік сапасына тікелей байланысты. Осы орайда кәсіподақ қызметі кәсіби біліктілікті ұдайы жетілдіруге негізделуі тиіс», – деді Майра Боранбаева.
Семинар аяқталар тұста ҚР КФ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова кәсіподақ мүшелерін кәсіби біліктілігін, құқықтық сауаттылығын арттыруға шақырып, семинарға қатысушыларға өз ризашылығын білдірді.