Жұмыс берушілермен және мемлекеттік органдармен сындарлы диалогты дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы 2022 жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялады.
Осы орайда, Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Қарағанды облысының әлеуметтік шиеленісі бойынша Тәуекелдер картасында орналасқан кәсіпорындардың еңбек ұжымдарының мүшелерімен кездесті.
Мұхтар Тінікеев Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабековпен және құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің Салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Айқын Ахметовпен бірлесіп, «Central Asia Cement» АҚ, «КарЦемент» АҚ және «Имсталькон» Қарағанды металл конструкциясы зауыты» ЖШС әкімшілігінің өкілдерімен еңбек ұжымдарының өзекті мәселелерін талқылады.
Еңбек ұжымдарының мәселелері жалақының сәйкес келмеуімен ғана байланысты емес, сонымен қатар әлеуметтік-тұрмыстық сипатта болды. «Central Asia Cement» АҚ және «КарЦемент» АҚ кәсіпорындарында жұмыскерлер сумен жабдықтау сапасына (оның ішінде Ақтау кентінің, Теміртау қаласының саяжай алаптары), жұмыскерлерге қатты отын сатып алуға, зауыт асханасының жалпы жай-күйіне және ассортиментіне наразы.
«Central Asia Cement» АҚ Бас директоры Петр Дурневтің ақпараты бойынша, екі кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақысы 2 кезеңде: 01.01.2022 ж. бастап және 01.03.2022 ж. бастап 2021 жылғы деңгейге 8,4%-дан 35%-ға дейін сараланған түрде арттырылды. Өсудің ең көп пайызы ең төменгі жалақысы бар жұмысшыларға әсер етті. 20%-дан 35%-ға дейінгі мөлшерде жалақы қызметкерлер санының 50%-дан астамына арттырылды.
«Имсталькон» Қарағанды металл конструкциясы зауыты» ЖШС директоры Нұр Нұрғалиев орындалатын жұмыстар көлемінің азаюын, жеткізілімдердің қысқаруын және металл прокатына күнделікті бағаның өсуін атап өтті.
Өндірістің бұл төмендеуі кәсіпорындағы жалақы деңгейімен (жұмыс орындарының тартымдылығы) ғана емес, сондай-ақ білікті жұмысшы кадрлардың жетіспеушілігімен байланысты, сондықтан «Имсталькон» Қарағанды металл конструкциясы зауыты» ЖШС әкімшілігі техникалық кадрларды оқыту проблемасына тап болды, бұл қызметкерлердің табиғи кетуіне байланысты кәсіпорынның металл конструкцияларын дайындауға тапсырыстарды ұлғайту мүмкіндігінің болмауына әкеп соғады.
Кездесу қорытындысы бойынша Мұхтар Тінікеев жұмыс берушілерді кәсіподақтармен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қарағанды, Теміртау қалалық және Қарағанды облыстық әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырыстарында ұжымдық шарттар шеңберінен шығатын қалыптасқан мәселелерді қарауға шақырды.