Дүниедегі мамандық атаулының төресі –ұстаздық. Қай қоғамда да ұстаз құрметті орындардың төрінен табылады. Осындай құрметті мамандықтың иесі болып, ұлағатты ұстазға тән үлгі көрсеткен, талай шәкірттердің жүрегінен орын алып, тәлімді тәрбие берген ардақты ұстаз, «Қарнақ» жалпы орта мектеп директоры Мамуржан Бабахановты құрметпен зейнеткерлік демалысына шығарып салу шарасы өтті.
Мамуржан Бабаханов 1980-1985 жылдар аралығында Ташкент мемлекеттік университетін бітірген. 1985-1987 жылдары Ташкент қаласындағы Марксизм-ленинизм университетінде білімін жалғастырған. 1987 жылы отбасылық жағдайына байланысты Қарнақ ауылындағы «Қарнақ» жалпы орта мектебіне жұмысқа орналасып, 1989-1991 жылдар аралығында мектептегі коммунистік партия ұйымын басқарған. 1992-2003 жылдары (11 жыл) аралығында бастауыш кәсіподақ комитетін басқарды. 2003-2016 жылдар аралығында директордың тәрбие орынбасары жұмысын атқарып, 2016 жылдың сәуір айынан бастап мектеп директоры қызметін атқарып келді.
Ұлағатты ұстаздың зейнетке шығу күніне орай, мектеп ұжымы және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жандос Шайдулла, Кентау қалалық кәсіподақ комитеті филиалының төрағасы Бағлан Худайбергенов арнайы келіп, білікті ұстаздың білім саласын өркендету жолындағы қосқан үлестері мен шәкірт тәрбиелеудегі ерен еңбектері үшін алғыс айтып, құрмет көрсетті.